АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ БОЙЫНША ЖАҢА ТАПСЫРМАЛАР ЖҮКТЕДІ

Уақыты: 01.09.2021
Оқылды: 1540
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ биылғы Жолдауын Алматы облыстық әкімдігінің мәжіліс залында тыңдап, онда айтылған мәселелердің маңыздылығына тоқталған өңір активі Президент жүктеген міндеттер мен тапсырмалардың өзектілігін әңгімеледі. Алқалы жиынды жүргізіп отырған облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында көтерілген мәселелердің әрбір қазақстандық үшін қаншалықты маңызды екендігіне тоқталып, жарыссөзге шығушыларды таныстырып өтті.

Мінберге кезекпен көтерілген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Қыдырәлі» шаруа қожалығының жетекшісі Сексенбай Шеңгелбаев, «Алматы бояулары» ЖШС-нің басшысы Римма Салықова, Талдықорған орталық бассейнінің директоры Мерей Сүйінов биылғы Жолдауда айтылған тақырыптардың көпшіліктің көкейін тербеп жүрген мәселелермен үндесетіндігін алға тартып, халықтың келешегі үшін қолға алынып жатқан келелі істердің өзектілігін алға тартты.

Аудан, қала әкімдіктері селекторлық режимде қатысқан жиынды қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов:

– Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы Жолдауы қазіргідей күллі әлемді алаңдатқан пандемия кезінде шағын және орта кәсіпкерлік жұмысының тоқтап қалмауына баса назар аударып отырғанын көріп отырсыздар, – деп көпшіліктің жауапкершілігі ғана мемлекеттің тұрақты дамуына әсер ететінін ұмытпау керектігін ескертті. – Ондағы айтылған міндеттер мен тапсырмалардың толық орындалуына бәріміз қатысып, жұмыс істеуіміз керек. Жалпы, Президент Алматы облысына ерекше назар аударып отыр. Өткенде жарты жылдықтың есебін тыңдаған кезінде Жетісу жерінің жетістіктеріне баса көңіл бөлді. Сондықтан жауапкершілік жүгін шынайы сезініп, өңірдің өркендеуіне толассыз үлес қосуымыз қажет. Ол үшін экономика, спорт, білім, денсаулық, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, ішкі істер, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік сынды салаларды қатаң қадағалауда ұстап, тиімді жұмыс жүргізуге тиіспіз.

Алқалы жиынды осылайша қорытындылаған Амандық Баталов биылғы Жолдауда айтылған тапсырмалардың орындалуын қадағалауды әр салаға жауапты орынбасарлары мен департамент, басқарма басшыларына жүктеді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы