ҚАЗАҚСТАНДА ХАЛЫҚ САНАҒЫ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР? СТАТИСТИКА ӨКІЛІ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 05.09.2021
Оқылды: 1473
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Халық санағы – барлық азаматтардың қатысуымен жүзеге асырылатын маңызды іс-шара. Ол демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректер жинауға мүмкіндік береді. Санақ нәтижелері халықтың тұрмыс деңгейін анықтап, мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу, білім, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау үшін аса қажет.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына сәйкес 2021 жылғы 1 қыркүйектен 30 қазанға дейінгі кезең аралығында елімізде Ұлттық халық санағы өтеді. Ел азаматтары санаққа алғаш рет онлайн қатыса алады.

Санақ жұмыстарын өткізу үшін уақытша қызметке адамдар тартылады. Олардың көпшілігі интервьюер қызметін атқарып, үйлерді аралап, азаматтармен тікелей жұмыс істейді. Интервьюерлерді тану қиын емес, олардың көк түсті, халық санағының белгісі бейнеленген мойынорағашы мен портфелі болады. Әрбір қызметкер өзінің қызметтік куәлігін көрсетеді, мұнда оның фотосуреті, тегі, аты, әкесінің аты, куәліктің берілген уақыты мен жарамдылық мерзімі, сондай-ақ, аумақтық статистика бөлімшесінің қолы мен мөрі болады.

Ұлттық халық санағы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі осы жылы маусым айының 1-і мен 30-ы аралығында өтті. Бұл дайындық кезеңі болып саналады. Бұл кезде интервьюерлер тұрғындардың санын анықтау мақсатында әрбір елді мекенді, ондағы тұрғын жайлар мен үйлерді аралап, олардың тізімін және тұрақты тұратын тұрғындардың санын нақтылады.

Халық санағын өткізу кезінде облыс бойынша 3691 адам уақытша жұмысқа орналастырылады. Оның ішінде 820 адам ағымдағы жылғы 1-30 маусым аралығында өткен санақтың  1-кезеңіне тартылды. яғни, 145 уәкілетті,  90 нұсқаушы-бақылаушы 585 интервьюермен келісімшарт жасалып жұмысқа тартылып, оқыту семинарлары өткізілді. Үәкілеттілер 1 наурыздан, нұсқаушы-бақылаушылар 25 мамырдан бастап, 8 шілдеге дейін 45 күн, ал интервьюерлер 1-інен 30-шы маусымға дейін 30 күн жұмыс істеді.

Күзде өтетін санақтың екінші негізгі кезеңіне 3016 қызметкер тартылады. Оның ішінде сол 145 уәкілетті, 2512 интервьюер, 359 нұсқаушы-бақылаушы  жұмыс істейді.

Өңірлерде интервьюерлерді жинауды арнайы құрылған комиссия жүзеге асыруда. Интервьюерлердің толықтай вакцина алуы қадағалануда. Олар  жеке қорғаныш құралдарымен қамтылатын болады.

Бүгінгі күнде барлық дайындық іс-шаралары өткізілді. Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан тұратын 4 санақ парағы әзірленді.

Биылғы Ұлттық санақтың жаңалығы заманауи цифрлық технологиялар және процестерге автоматтандыру енгізу болып табылады. Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаз тасымалдаушылардан толық бас тарта отырып, цифрлық технологиялар қолданылатын болады. Санақ екі тәсілмен жүргізіледі: sanaq.gov.kz арнайы сайтындағы интернет-сауалнама арқылы 45 күн ішінде интернет-сауалнама жүргізу және электронды планшеттерді қолдана отырып, интервьюерлерге әдеттегі жаппай сауалнама жүргізу. Қосымша Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі берілетін болады. Респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептер мен сауда орталықтарында орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаулық  учаскелерде санақтан өте алады.

Халық санағының еліміз үшін маңызды шара екендігін көпшілікке жеткізіп,  ақпараттандыру мақсатында жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

1 қыркүйектен Ұлттық халық санағы басталды. Еліміздің болашағына бейжай қарамайтын әрбір адам оған белсенді түрде қатысады деген ойдамыз. Ұлттық халық санағына онлайн қатыса алмайтындар үшін интервьюерлер үйлеріңізге барып қызмет көрсетеді. Осы ретте Ұлттық халық санағы 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін 45 күн онлайн форматта өтетінін, ал интервьюерлер 1-30 қазан аралығында планшетпен үй-үйді аралайтынын еске саламыз. 31 қазан мен 7 қараша аралығында бақылау жұмыстары жүргізіледі, респонденттердің 10%-ын аралап, деректердің қамтылуы мен дәйектілігі тексеріледі.

Қазақстанда әрбір адамның өзіндік орны бар. Сондықтан халық санағы мемлекет үшін де, жекелеген адам үшін де аса маңызды қадам болып табылады.

Ұлттық санақ – ертеңгі өмірімізге жарқын жол ашатын үлкен науқан. Баршаңызды осынау іс-шараға атсалысады деп сенеміз. Еліміздің еңсесі биік, іргесі бүтін болсын! Қазақстанның әрбір азаматы биік тұғырдан орын алсын дейміз.

Азат ХАМИТОВ,

Алматы облыстық статистика департаментінің басшысы