ТҰРҒЫНДАРДЫ КӨМІРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ ТӨРТ АУДАНДА БАЯУ

Уақыты: 08.09.2021
Оқылды: 1173
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВТЫҢ төрағалығымен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі талқыланған селекторлық кеңес өтті. Онда аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары және коммуналдық мекеме басшылары қазіргі таңдағы жылыту маусымына дайындық, мүлік меншік иелері бірлестігін енгізуге қатысты жұмыстар және санитарлық тазалық мәселесін талқылады.

Жиынның алғашқы баяндамасын облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Бағлан ТӘНЕКЕНОВ жасады. Оның айтуынша, биылғы жылыту маусымына дайындық белгіленген кесте бойынша жүруде. Ағымдағы жылы жылумен қамтамасыз етудің 5 үлкен жобасы іске асырылып, оған жергілікті бюджеттен 3,3 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде оның 1,7 млрд.теңгеден астам қаржысы игерілген.

Осы қатарда Талдықорған қаласындағы №2-ші және №5-ші жылу қазандығын, Ескелді ауданындағы орталық жылумен қамту қазандығын газға ауыстыру жұмысы қарқынды жүруде, ал Текелі қаласындағы Достық және Алатау шағын аудандарының жылу желілерін ауыстыру жұмысы жақын арада басталады. Алакөл ауданында жылу желілерінің ұлғаюы және жаңа нысандардың қосылуына орай жылу желілерін қайта реттеу үшін келісімшарт жасалып, тиісті қаржы бөлінген.

Энергиямен жабдықтау кәсіпорындары да жоспарға сәйкес аймақтағы  жылу қазандықтарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын толығымен орындаған. Жоспардағы жылу желісі мен электр желісінің басым бөлігі жаңаланып, қалған бөлігіне жұмыс жүруде. Бюджеттік мекемелердің сұйық отын сатып алуы үшін 5,6 млрд.теңге бөлінген.

Бүгінгі таңда 41 пайыз сұйық отын мекемелерге жеткізілген. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас мезгілімен салыстырғанда төмен. Ақсу, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Кербұлақ, Ұйғыр аудандарының білім беру, Алакөл, Панфилов, Талғар, Ұйғыр аудандарының денсаулық сақтау, Кербұлақ, Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарының әлеуметтік нысандарына сұйық отын толық жеткізілмеген. Сондай-ақ, бюжеттік ұйымдар үшін 24 мың тонна көмір сатып алуға бюджеттен 706 млн.теңге қаржы бөлінгенімен оның тек 45 пайызы ғана жеткізілген.

Жеке тұрғын үйлер биылғы жылыту маусымынан қиналмай шығуы үшін 1 млн.300 мың тонна көмір керек. Аудан, қала әкімдіктерінің ақпараты бойынша, бүгінде 537 мың тонна көмір тұтынушыларға сатылған. Айта кетерлігі, тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары Ақсу, Қаратал, Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласында баяу жүруде.

Облыста 3583 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 2100-і орталық жылу желісіне қосылған. Бүгінгі таңда 1604 үйдің қысқа дайындық жұмысы тексеріліп, оның 1340-ы жылыту маусымына дайын деген қорытынды шығарылған. Алайда әлі де екі мыңнан астам үйдің тұрғанын ескерсек, бұл жұмысты тездету керек.

Келесі кезекте мүлік меншік иелері бірлестігін енгізуге қатысты және санитарлық тазалық, көгалдандыру, қоқыс полигондарын тазалауға қатысты жүргізілген жұмыстар сөз болып, бұл бағытта бірқатар аудан, қала әкіміне орын алған кемшілікті түзетуге тапсырма берілді.

Қажет АНДАС

Алматы облысы