ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ЕЛІМІЗДЕГІ ИНФЛЯЦИЯНЫ ТЕЖЕУ ШАРАЛАРЫН ҚАРАДЫ

Уақыты: 09.09.2021
Оқылды: 1067
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары мен инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешені қаралды.

ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ұсынған Жалпыұлттық жоспар ҚР Президентінің негізгі бағыттары мен бастамалары бойынша 102 тармақтан тұрады. Асқар Ұзақбайұлы Президент Жолдауында жүргізіліп жатқан мемлекеттік және экономикалық саясаттың жаңа міндеттерін атап көрсеткенін айтты. Үкімет пандемиядан кейінгі кезеңде экономиканың орнықты әрі сапалы өсуін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларын жетілдіру, өңірлерді кешенді дамыту, еңбек нарығының тиімді экожүйесін құру бойынша белсенді шаралар қабылдайды.

– Үкімет жұмысының маңызды бағыты – Мемлекет басшысының азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру. Жалақыны көтеру, жеке сектордың үлесін ұлғайту, салықтық жүктемені азайту арқылы халықтың нақты кірістерінің өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады, – деген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге толықтай сай екенін атап өтті. Сондай-ақ, орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына жоспар іс-шараларының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша дербес жауапкершілік жүктелетініне ерекше тоқталды.

Отырыста ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев баяндама оқыды.

Инфляцияның өсуіне жол бермеу бойынша алға қойылған міндетті орындау мақсатында Үкімет қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективаға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Нәтижесінде, азық-түлік инфляциясын тежеу жөніндегі жедел шаралар аясында секторда құн белгілеудің бүкіл тізбегінде бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алынып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер үшін шикізаттың тұрақты және болжамды бағаларын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтіледі. Сонымен қатар, өндірушілерге жеңілдікпен кредит және субсидия беру механизмдері кеңейтіліп, ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау инфрақұрылымын салу үшін субсидиялау нормалары ұлғайтылады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетіледі. Елдегі өндірушілердің бірыңғай тізілімін жасау және бағаны мониторингтеу жөніндегі талдамалық платформаны іске қосу өңірлерде инфляцияның күрт өсу фактілеріне дереу әрекет етуге мүмкіндік береді. Азық-түліктен басқа тауарларға инфляция деңгейін тежеу жөніндегі шаралар аясында қажет болса, тапшылық орын алып отырған немесе ішкі нарықта бағасы өскен шикізат пен материалдарды сыртқа шығаруға шектеу енгізу көзделеді.

Медициналық қызметтердің кешенді тарифтерін және бірқатар медициналық тауардың шекті бағасын алдын ала бекіту қамтамасыз етіледі. Инфляция импортының жоғары деңгейі бар өндірістерді ұлғайту жөнінде нақты шаралар қабылданады, оның ішінде құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері де бар. Ақша-несие саясатының аясында инфляцияға қарсы шараларды іске асыруға, оның ішінде экономикадағы өтімділік көлеміне бақылауды күшейту жолымен іске асыруға назар аударылатын болады.

– Бұл шаралардың бәрі осы жылдың аяғына дейін азық-түліктен басқа тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасын жедел түрде тұрақтандырып, инфляцияның жалпы деңгейін бақылауға мүмкіндік береді, – деген Асқар Ұзақбайұлы мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, жергілікті атқарушы органдарға көзделген шараларды орындауға дереу кірісуді, Ұлттық экономика министрлігіне олардың іске асырылу барысына мониторинг жасауды тапсырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ