ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫ ҚЫСҚА ДАЙЫН БА? ПРЕСС-ТУР

Уақыты: 09.09.2021
Оқылды: 1092
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Талдықорған жылу сервисі» мекемесіне бүгінде жалпы жылу қуаты 436,4 Гкал/сағат болатын он қазандық қарайды. Оның №1 және №3 қазандығы былтыр көгілдір отынға қосылған болатын. Ал қаланың орталығын қамтитын №2 және шаһардың «Шығыс» шағынауданына қарасты №18 қазандықтарға биыл қазан айының аяғына дейін газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, биылғы жылыту маусымына 3550,0 миллион теңгеге (ҚҚС есептемегенде) 520,0 мың Гкал іске қосылмақ.

– Орталықтағы төрт қазандықтың екеуі күрделі, екеуі ағымдағы жөндеуден өтті. Сол сияқты бу беретін үш қазандықты да жөндеуден өткіздік. Ал №4 қазандықты жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Дәл қазіргі сәтте жылыту маусымына 80 пайыз дайынбыз, ал 20 пайызы, жаңа айтып өткендей, жөндеу, қайта қарау жұмыстарына тиесілі, – дейді «Талдықорған жылу сервисі» мекемесінің басшысы Манархан Ахымбаев.

Сөз арасында құбырлардың барлығы сапалы екенін де айтты. Айтқанына сенсек, жылыту маусымында қазандықтан мәселе болмауы керек және іске қосылғаннан кейін гидросоққылары реттелсе, жылу жүйесі де дап-дайын.

Қаладағы кей үйлер жылу жүйесіне қосылуға дайын емес немесе құбыр жүйесінде ақауы бар болмаса 15-20 жылдан артық қызмет істеп келеді. Ондай сәтте мекеме қызметкерлері үй иелеріне ескерту жасап, хат жазуды сәуірден бастап қолға алған. Қорытынды шығарып жатқандар жоқ емес.

Біз «Өркен» спорт кешенінің іргесінде орналасқан, 22 адам жұмыс істейтін №3 қазандықтың жұмысымен таныстық. Құбырлар еліміздің Щучинск қаласында жасалған. Газға қосылғалы қазандыққа қарасты тұрғын үйдегілердің алғыстан басқа айтары жоқ. Сол жерде жұмыс істейтін Роман Нам да бұрынғымен салыстырғанда істің жеңілдегенін айтты.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды