Газ алауы жағылды

Уақыты: 16.11.2017
Оқылды: 1445
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бүгінгі таңда Жетісу өңірін газдандыру ерекше қарқын алуда. Көгілдір отынға қол жеткізіп, қуанышқа бөленген елді мекендер саны жыл сайын артып келеді. Табиғи газдың келуі аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ, қоршаған ортаның экологиялық тазалығына оң серпін береді. 

Игілікті іс Еңбекшіқазақ ауданында да жалғасын тапты. Есік қаласы тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды. Енді көмір жағып, отын жарып әуре-сарсаңға түскен күндер ұмытылады. Аудандағы алғашқы газ алауының жағылуына байланысты салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Жайық Әлішев, «АПЛ Констракшн» ЖШС бас директоры Марсель Қажи және аудан әкімі Бинәлі Ысқақ қатысты. Қалаға көгілдір отын «Қазақстан – Қытай» магистральді газ құбыры арқылы тартылып отыр. Жаңадан салынған «Есік» автоматтандырылған газ тарату стансысының қуаты сағатына 50 мың текше метрді құрайды. Бұл қаланың 10 мыңнан аса тұрғын үйі мен 300-ге жуық кәсіпорындарды табиғи газбен қамтамасыз етуге жетеді. Осынау игі істер – «ҚазТрансГаз» Ұлттық операторы мен «АПЛ Констракшн» ЖШС-ның бірлесе атқарған нәтижелі жұмыстары. Алдағы уақытта аудандағы 51 елді мекен толықтай газбен қамтылады деп күтілуде. 
– Құрметті қауым! Бүгін, міне, сіздермен аудан тарихындағы айтулы оқиғаның куәсі болып отырмыз. Елбасының тікелей тапсырмасымен облыс аймақтарын газдандыру сызбасы аясындағы жұмыстар қанатын кеңге жайып келеді. Облыста 473 елді мекен газдандыруға кіретін болса, соның 108-і, яғни, 23 пайызы бүгінде көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 28 пайызға жетеді деп жоспарлап отырмыз. Жүйелі жұмыстар әрі қарай өз жалғасын табады, – деді Айдарбек Естебекұлы.
Бұдан кейін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Жайық Әлішев пен «АПЛ Констракшн» ЖШС бас директоры Марсель Қажилер сөз алып, аудан жұртшылығын айтулы қуаныштарымен құттықтады. Ал, Есік қаласының тұрғыны Савелий Карасиди осынау игі іске мұрындық болған облыс және аудан басшыларына көпшілік атынан алғысын білдірді.
Әкімдер бастаған, қариялар қостаған топ құбыр тетігін бұрап, алғашқы газ алауын тұтатты. Келген қонақтар көгілдір отынға бірінші болып қол жеткізген тұрғын үйлердің біріне бас сұқты. Газбен қайнатылған шайдан ауыз тиіп, қуаныштарына ортақтасты. Салтанатты шара соңы өнерпаздардың сауық-думанына ұласты.
        
Қапшағай қаласы. «Байсерке – Қапшағай» магистральді газ құбыры мен Қапшағай автоматтандырылған газ тарату стансысында көгілдір отынның алауын жағу жиыны өтті. Халық көптен күткен бұл айтулы оқиғаға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов тұрғындарды құттықтап, Елбасының тапсырмасымен облыстың бірқатар аудан, қалалары көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп жатқанын айтты. 
Жиында Қапшағай қаласының Құрметті азаматы Сейілбек Маханов ақсақалдар атынан сөз сөйлеп, маңызды бастамаға бата берді. Қазіргі уақытта жоба мен өндіріс кестесіне сәйкес «Байсерке» стансысынан Қапшағай қаласының автоматтандырылған газ тарату стансысына дейінгі магистральді құбырлар жүз пайызға жүргізілген. 37 шақырым қашықтықты алып жатқан газ құбырына қомақты қаражат жұмсалған. Арна ауылына дейін газ тарату құбыры да дайын. Қаланың 4, 5, 8, 10, 18, 19 шағын аудандарындағы жеке баспаналар мен көп- қабатты тұрғын үйлерге ағымдағы жылдың соңына дейін газ қосу жоспарланып отыр. 
«Байсерке – Қапшағай»  газ құбырының жобалық өнімділігі жылына 400 млн. текшеметрді құрайды. Бұл жоба қаланың алпыс мыңнан аса тұрғынын табиғи газбен қамтамасыз етеді. Болашақта 200 мың тұрғынға есептелген «Жаңа Іле» ойын-сауық туристік қаласына да газ қосылмақ. Қазіргі уақытта «Қапшағай аймағы газ құбыры» ЖШС мамандарының айтуы бойынша газ құбырын қосу үшін әр пәтер иелерімен келісімшартқа отыру жұмыстары басталып кеткен. 
Қазір қаланың мың тұрғынымен келісімге отырып, оларға жыл аяғына дейін көгілдір отын беріледі деп күтілуде. Ал мекемеде жетпістен аса қызметкер жұмыс істейді. Оның басым бөлігі қала тұрғындары. 

 

Болат МӘЖИТ,
Мақпал МЫСА.