Сапалы аяқтады

Уақыты: 16.11.2017
Оқылды: 1353
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ескелді ауданының еңбеккерлері ала жаздай баптап өсірген бағалы дақылдарын ысырапсыз жинап алу үшін барлық күш-жігерін жұмылдырды. Нәтижесінде, 2000 гектарға жуық жерге себілген тәтті түбірді қазу жұмысы қарқынды жүргізіліп, қабылдау пунктіне 71000 тонна балтамыр жөнелтті.  

Көкжазық ауылдық округінен «Досанов», Бақтыбай  ауылдық  округінен «Никитин», Қайнарлы ауылдық округінен «Городецкая» шаруа қожалықтары жиын-терін жұмыстарын қысқа мерзімде әрі сапалы аяқтап шықты. Ал «Хильниченко» шаруа қожалығы 90 гектар алқаптың өнімін ысырапсыз жинап алып, гектар түсімділігін 500 центнерден айналдырса, Бақтыбай ауылдық округінен Айдын Дүйсенбиев басқаратын шаруашылық ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, бұл ұжым гектарына 581 центнерден балтамыр жинады. Міне, осындай жемісті қызмет еткен шаруа қожалықтарының саны да көп. 
Биыл аудан көлемінде 13000 гектар майбұршақ егілген. Көктемдегі ауа райының құбылмалылығы, жаз ортасында бұршақтың да көп мөлшерде жаууы егіншілердің жоғары көрсеткішке жетуіне айтарлықтай нұқсан келтірді. Соның салдарынан егін түсімділігі гектарына 23 центнерден айналған. Ал «Хильниченко» қожалығында әр гектар сайын 26 центнерден  өнім алынды. Сондай-ақ, Қарабұлақ ауылдық округінен Виктор Агиенко, Алдабергенов ауылдық округінен Саят Жуанышбеков басқарған ұжымдардың да нәтижелері көңіл қуантарлық.
Өнімі жинап алынған алқаптарда  бүгінге дейін 13000 гектар жер жыртылған. Соның ішінде, 3000 гектарға жуығы тереңдете жыртылып, келер жылғы қант қызылшасын отырғызуға әзірленді. Ал 6500 гектар егістікке күздік бидай себілді. 

Шора БАТЫРБАЕВ.

Ескелді ауданы.