ЗАМАНАУИ ТЕХНИКАНЫҢ БЕРЕРІ КӨП

Уақыты: 27.11.2017
Оқылды: 1406
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазіргі таңда Қазақстан  халқын өзіміздің отандық ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екендігін уақыт көрсетіп отыр. Бірақ әлі сол елімізге апталап,  тіпті, айлап жол жүріп, қыр асып жеткен  шетел өнімдері бүгінгі нарықта басымдық жасауда. Дегенмен, туған еліміздің топырағынан нәр алған өзіміздің өнімдердің сапасы шетелден әлдеқайда тиімді, құнарлы екенін ғалымдарымыз айтып та, жазып та жатыр. Иә, қазіргі таңда доллар қымбаттаған сайын шетелден техникаларды сатып алу мәселесі де тығырыққа тіреле бастаған секілді. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде ауыртпалық жермен айналысатын шаруалардың мойнына түсетіні айдан анық. Қазақстанда кезінде ауылшаруашылығына арналған техникаларды шығару зауыттары әжептәуір болғаны рас. Одақ тараған уақыттан бастап елімізде қаншама  зауыттар, тігін-тоқыма фабрикалары тоқтап, тарап кетті. Ал олардың  орындары сауда орталықтарына айналып қалды.

 Қазақстан Республикасының  2018 – 2021 жылдарға арналған АӨК қарқынды техникалық жарақтандырудың картасында, тозған техникаларды пайдаланудың нәтижесін көрсете кетсек, зауыттық норма бойынша максималды пайдалануы 17 жыл екен. Қазақстан даласына шыққан техникалар 17 жылдан астам уақытқа дейін, былайша айтқанда, шашылып қалғанша жүре беретінін жақсы білеміз. Ал, отандық ауылшаруашылық машиналарын жасайтын ірі кешенді зауыт-кәсіпорындардың жоқтығын ескерсек, барға қанағат деп шектелудеміз. Осы тығырықтан шығу үшін өндірістерде машиналардың ғылыми-техникалық сапасының деңгейін  көтеруде білікті мамандар даярлау қажет. Сонымен қатар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары арасында байланысты нығайта отырып, сериялық отандық өнімдерді шығара бастаған абзал. Сонда ғана  жоғалтқанды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік ашылады.
Жоғарыда айтылған техникалық жарақтандырудың картасында ауылшаруашылық машиналарын жасау өндірісін 2,5 есеге және салық кірістерді 2,5 есе арттыру, ауылшаруашылық машиналарын жасау орындарында 1200-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашу көрсетілген. Енді, отандық машиналарды жасап шығаруға мемлекет тарапынан көптеп көңіл бөлінетіндігін байқап отырмыз. Сең қозғалды. Қазір шетелден сатып алып жатқан техникаларды сынап, қауіпсіздігін қатаң бақылаудан өткізіп, егіс даласына шығарып отыратын ешқандай ғылыми-зерттемелік сынақ орны жоқ. Трактор, комбайндарды қажеттілікпен қыруар ақшаға сатып алған жер иесі (фермерлер) сатып алған бойдан жұмысқа салып, кірісіп кетеді. Ол техникалар біздің елдің ауа райына, жеріне бейімделмегендіктен көпке бармай істен шығатыны сөзсіз. Әрине, Еуропаның  климаты мен жері біздің топыраққа қарағанда әлдеқайда  өзгеше келеді. Сондықтан да олар жасап шығарған ауылшаруашылығына  қажетті  техникалар тек өздерінде ғана қолайлы болады. Ал, шеттен алған техникасы сынған шаруа қосымша құрал-жабдықтарды сатып алу үшін тағы да қаржылай қиындықтарға кездесіп, шығынға  белшесінен батады. Қазақстан үшін ең тиімдісі, өзіміздің жерге бейімделген заманауи техникаларды жасап шығару. 
Осы орайда, Қазақ  ауылшаруашылығын  механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институты (ҚазАШМЭҒЗИ) өлшеусіз үлесін қосып келеді. Бұл Қазақстанның ауылшаруашылық өндірісін қазіргі технологиялармен және машиналармен тиімді инженерлік-техникалық қамтамасыз ету мақсатын шешетін бірден-бір  жетекші ғылыми-зерттеу институты болып саналады. Институт құрылғалы бері агроөнеркәсіп кешені (АӨК) үшін көптеген жаңа технологияларды ауылшаруашылық машиналарын және құралдарды жасап өндіріске енгізді. ҚазАШМЭҒЗИ ғылыми мүмкіндігін және құрылымдық тұтастығын сақтау арқылы бүгінде   республика АӨК-нің ғылыми техникалық қамтамасыз ету шеңберінде көшбасшы болып танылған.  Аталмыш институт сонау 1948 жылы іргетасын көтергелі бері  институттың ғалымдары мен өнертапқыштары отанымыздың өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы салаларына   пайдалы көптеген жаңа техника түрлерін ойлап тауып, көп жылдан бері cол техникалар   қолданыста келеді. Айталық, жаңа технологияларды ойлап тауып, өндіріске енгізу жолында ҚазАШМЭҒЗИ зертхана ғалымдары белсене жұмыс жасауда. 
Бүгінгі күні, аталған институттағы көптеген ғылыми жобалардың жетекшісі, т.ғ.к., доцент Рзалиев Асқар Сапашұлы, профессор, ауылшаруашылығы ғылым академиясының  академигі Тоқтар Әбілжанұлы, Қазақстан Республикасы  ауылшаруашылығы академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Өмірсерік Жортуылов, техника ғылымдарының докторы Әнуарбек Әділшиев, техника ғылымдарының докторы, Қазақ ауылшаруашылық академиясының академигі Рашид Омаров сияқты жетекші ғалымдардың ауылшаруашылығына арнап шығарып жатқан техникалары мен   инновациялық тың жобаларының маңызы өте зор.
Жалпы, ауылшаруашылығы техникаларына жақсарту, жаңарту бағытында Үкімет тарапынан  үлкен қаржы бөлінгелі жатыр. Бұл деген үлкен іске берекелі қадам болмақ. Осы тұрғыдан Елбасының Бурабайдағы ауылшаруашылығы техникалары көрмесіндегі: «Институттың жұмысын қолдаңдар, отандық машиналарды жасауға барынша демеу жасаңдар», – деген тапсырмасын бағдар етуіміз керек. Президент тапсырмасынан кейін ҚР Ауылшаруашылық министрлігінде  жедел жұмыс тобы құрылып, «Ауылшаруашылығына техникамен жедел жабдықтандыру, қайта жаңарту жол картасы» жасалып, белсенді жұмыс басталды. Сонымен қатар, Қазақстандағы машина жасау құрылмақшы. 
Қазақ  ауылшаруашылығын  механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институты осы оқиғадан кейін ауқымды жобаларды қолға алды.  Жоғарыда айтқандай, заманауи отандық ауылшаруашылығы техникасын көбейтіп, өзіміздің сапалы өнімдерді тұтынсақ қана халықтың тұрмысы жақсарып,  әлемдегі көшбасшы аграрлық мемлекеттердің қатарынан орын алатынымызға күмән болмас еді.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,
журналист.