Жерлестеріміз үмітті

Уақыты: 30.11.2017
Оқылды: 1217
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облысымыздағы  төрт кәсіпорын Президент жүлдесіне үмітті. «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын 6 желтоқсан күні Астанада жариялайды. Отандық  нарықты сапасы жоғары әрі бәсекеге қабілетті өніммен толтыру, отандық және халықаралық стандарттар негізіндегі сапамен қамтамасыз етуді мақсат еткен байқаудың марапаттау рәсімі «ЭКСПО» конгресс-орталығында өтеді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының тауардың шығу тегі жөніндегі маманы Бибігүл Омарованың айтуынша, «Алтын сапа» Президент жүлдесіне өңірдегі «АбдиИбрахимГлобалФарм» ЖШС, «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС, «Лепсинск өнімі» ЖШС және «Рыбпром» ЖШС қатарлы төрт кәсіпорын бақ сынайды. Сондай-ақ, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауына өңірлік кезеңнің 9 жеңімпаз кәсіпорны қатысады. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС, «Полимерметалл» ЖШС, «Plast Invest Production» ЖШС үмітті. «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымында жүлделі орындар үшін «Лепсинск өнімі» ЖШС, «Шин Лайн» ЖШС, «Apple world» ЖШС сайысады. Ал «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымы бойынша «Абди Ибрахим глобал фарм» ЖШС, «Сұңқар» Алматы құс фабрикасы» ЖШС, «GLASMAN» ЖШС үміткер болып табылады.

Айта кетерлігі,  Астанада өтетін марапаттау салтанатында «Іскер», «Парыз», «Ұлы дала елі» байқауындағы жеңімпаз кәсіпорындардың есімдері аталады.

Еске сала кетсек, өткен жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауында «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымында «Алматинские краски» ЖШС жүлделі ІІІ орынға ие болған еді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» сыйлығының лауреаттары болып «ТК-Метакон»  ЖШС мен «ТАТЭК» АҚ танылды. «Ұлы дала елі» зонтикалық брендімен «Кайнар АКБ» ЖШС марапатталған еді.

Қажет Андас.