Бюджет қаражаты мақсатты жұмсалуы тиіс

Уақыты: 09.09.2023
Оқылды: 600
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық мәслихат депутаттарының қатысуымен Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясының кезекті отырысы өтті. Онда Алакөл ауданында жергілікті бюджетті жоспарлау және орындау, жергілікті бюджет қаражатын пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындылары қаралды. Бұл туралы комиссия мүшесі Қуаныш Ноғайбеков айтып берді.

– Қуаныш Жұмаханұлы, Алакөл ауданындағы аудиторлық іс-шараларға жауапты тұлға ретінде жүргізілген жұмыстар жайында ойыңызды білсек?

Мемлекеттік аудит аталған ауданның жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын 19 мемлекеттік мекемеде жүргізіліп, алдыңғы жылдың қаңтарынан бастап, өткен жылғы желтоқсан айлары арасындағы кезең қамтылды. Аудиторлық іс-шарамен 11 237 522,2 мың теңге бюджет қаражаты қамтылып, ҚР бюджеттік және өзге де заңнамалары талаптарын сақтамау салдарынан жалпы сомасы 2 953 186,8 мың теңге бұзушылықтар анықталды. Соның ішінде 604 120,1 мың теңге қаржылық бұзушылықтар, 56 131,4 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, 2 292 935,3 мың теңге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау. Сонымен бірге, орын алған рәсімдік сипаттағы бұзушылықтар 51 бірлікті құрайды.

– Тағы қандай бұзушылықтар анықталды?

– Мемлекеттік аудит барысында сондай-ақ, ҚР Бюджет кодексінің және мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу қағидасының нормаларын сақтамау салдарынан 122 284,4 мың теңге негізгі құралдар мен материалдық активтердің бухгалтерлік балансқа алынбағаны анықталды. Сонымен бірге, ҚР бухгалтерлік есептілікті жүргізу қағидасының нормалары сақталмай, мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік балансында жалпы сомасы 239 217,6 мың теңге дебиторлық берешек және 17 239,8 мың теңге кредиторлық берешек көрсетілмей, нәтижесінде бұрмаланған қаржылық есептілік жасалған. Аудит кезінде еңбекақы, сыйақы төлемдерін, іссапар шығыстарын және жанар-жағармайды негізсіз есептен шығару деректері бойынша 3 219,7 мың теңгенің бұзушылықтары анықталды. Сондай ақ, мемлекеттік сатып алу заңының нормаларын сақтамай, мемлекеттік сатып алу веб-порталынан тыс, корпоративтік карта арқылы қолма-қол ақшамен жүзеге асырылған сатып алу деректері анықталып отыр, жалпы сомасы 8 056,5 мың теңгені құрайды. Мемлекеттік сатып алу заңының негізгі тиімділік, ашықтық, бәсекелестік қағидаттары сақталмаған.

– Аудит барысында бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берген лауазымды тұлғаларға қандай шара қолданылады?

Жалпы Алакөл ауданында жүргізілген аудиторлық іс-шаралар кезінде анықталған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларының әкімшілік жауапкершілігін қарастыру мақсатында ҚРҚаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне 13 мемлекеттік аудит объектісі бойынша жалпы 37 материал жолданды. Сонымен бірге, 11 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды.

Анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктердің себеп- салдарын түсіндіресіз бе?

– Әрине. Анықталған қаржылық бұзушылықтар ҚР Қаржы министірлігінің бухгалтерлік есеп жүргізу қағидаларының, ҚР Мемлекеттік сатып алу туралы Заң талаптарын, ҚР органдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу туралы Ережесінің,  ҚРҮкіметінің қаулысымен бекітілген Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесінің және ҚР мемлекеттік мүлік саласындағы Заңнама талаптарының сақталмауы салдарынан орын алады. Бюджет қаражаты шығындарын жоспарлау кезінде тиімділік принциптерінің сақталмауы салдарынын бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуына және жоспарлануына жол берілген. Демек, анықталған деректер ішкі бақылаудың өз деңгейінде емес екенін көрсетеді және мемлекеттік аудит объектілері қызметінің тиімділігін бағалау мүмкіндігіне айтарлықтай әсер етеді.

– Жоғарыда баяндалған бұзушылықтар мен кемшіліктердің қандай теріс әсері бар?

– Ол өңірдің қаржылық жағдайы туралы сенімсіз ақпарат беруге, активтердің мақсатсыз және тиімсіз жұмсалуына, бюджеттің түсімдері мен шығыстарының тиімсіз жоспарлануына және жоспарланған бюджеттік бағдарламалар бойынша түпкілікті және уақытылы нәтижеге қол жеткізбеуге, басқа салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін. Отырыс қорытындысы бойынша тексеру комиссиясының қаулысы қабылданып, аудит объектілеріне тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айгүл Байжұмақызы