Қызылша қабылдау басталды

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 692
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ауылдықтар асыға күткен мезгіл де келді. Бұл уақыт шаруалардың жаз бойы күтіп-баптап өсіргендерін жинап, еңбек жемісіне кенелетін берекелі де мерекелі шақтарының бірі. Қант қызылшасын өсіруге ден қойған диқандар да күздің әр күнін қалт жібермей, науқанды қыздырып жатыр. Көксу қант зауытының ұжымы да өз жұмысына кірісіп, бағалы дақылдың алғашқы өнімдерін қабылдай бастады. 

Байқағанымыздай, Көксу қант зауыты қант қызылшасын қабылдауға мұқият дайындалыпты. Тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барынша ыңғайлы жағдайлар қарастырылған. Құрылғылар да талапқа сай іс атқарып тұр. Мұның бәрі зауыттың алаңсыз өнім қабылдауына мүмкіндік береді. Десе де  әр жұмыстың өзіне тән қиындығы бар. Соған қарамастан өндірген өнімнің жемісін көру керек. Осы мақсатты бетке алған шаруалар енді суық түскенше қызылша алқабын дүбірге бөлеп, маңдай терлететін болады.  

Биылғы күздің алғашқы қант қызылшасын қабылдауға байланысты мерекелік лента қиылды. Арнайы ұйымдастырылған шарада қызылша өсірушілер атынан жақсы лебіздер айтылды. Жаз бойы еңбектеніп, тер төккен диқандарды Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев құттықтап, істеріне сәттілік тіледі. Мұндай жақсы пікірлерге сала мамандары да қосылды. Біз барған сәтте пункт алаңында Көксу және Қаратал аудандарынан келген қызылша тиеген көліктер өз кезектерін күтіп тұрды. Тіркемелеріндегі дақылдың ірілігі жиналғандардың назарын аударды. Соған орай  салмағы да ауыр көрінді. 

– Екі ауданнан келген көліктерден алғашқыда 100 тонна өнім қабылданды, кешке дейін бұл көрсеткіш 700-800 тоннаға дейін жетеді деген болжам бар. Осы маусымда 230-250 мың тоннаға дейін өнім қабылданады деп күтіліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біраз жоғары. Көксу, Ескелді, Қаратал аудандарынан келгендерге тоннасына 1 мың теңге, Кербұлақ, Қонаевтан келгендерге тоннасына  3 мың теңге, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан келгендерге тоннасына  5 мың теңгеден жол ақысы төленеді, зауыт тарапынан шикізат тоннасы 15 мың теңгеден сатып алынады. Биыл қант құрағынан 27 мың тонна өнім өндірілді. Қызылша өңдеу жұмыстары былтыр қазан айында басталса, бұл жұмыс биыл қыркүйек айының ортасында қолға алынбақ. Қызылшаның қанттылығы әзірге 12-13 пайыз. Бұл көрсеткіш суық түскенше әлі де көтеріледі, – дейді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.

Сол жерде қызылша өсірушілерді де әңгімеге тартып, осы бойынша атқарылған жұмыстар жайында сұрап  білдік. Олардың айтуынша, биылғы өнім шығымдылығы жаман емес. Жоғары өнім алуға тұқым сапалылығы да оң әсерін тигізген. Бір сөзбен айтқанда, тәтті дақылды жер бетіне шыққаннан бастап арамшөптерден тазарту, қажетті тыңайтқыштармен қоректендіру, күтіп-баптау, техникалар, оған қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз ету сияқты шаруалар рет-ретімен жүргізілген. Субсидиясы өз алдына. Міне, осының бәрі ойдағыдай өнім алуға айтарлықтай ықпал етуде.

Айта кетейік, Көксу ауданында 114 шаруа қожалығы қызылша өсірген. Жоспар бойынша биыл 65 мың тонна өнім жиналады деп күтіліп отыр. Барлығы 1881 гектар жерге себілген тәтті түбірдің әр гектары 350 центнерден айналуда. Осы өңірден қызылша өткізуге келген «Меке» шаруа қожалығының жетекшісі Рахадыр Доғдырбектің айтуынша, қызылша жинау жұмысы қазір қол еңбегімен атқарылуда. Бастапқыда 5 гектар жерге қызылша егіп, биыл оны 15 гектарға дейін жеткізген. Шаруашылықтың бұл дақылды өсірумен айналысқандарына 10 жылдан асыпты. Өнім жинау ісіне 30 шақты адам тартылған. Егер, техника мәселесімен қиындық болмаса, тәтті түбір егу алқабы бұдан да ұлғайтылмақ. 

Қаратал ауданы Қанабек ауылының «Бекмұрзаев» шаруа қожалығынан өнім өткізуге келген Берік Шегебаев 2015 жылдан бері тәтті түбір өсірумен айналысып келе жатқанын, бүгінде 6 гектар жерге қызылша өсіргенін, судан тапшылық болмағанын, ауыспалы егістік жүйесін сақтауға ерекше көңіл бөлетінін, гектар берекелілігі мен өнім қанттылығының да жаман еместігін, ауылшаруашылығы техникаларымен де қамтылғанын, жалпы шаруашылықта қызылша шығымының ойдағыдай екенін әңгімеледі. 

Қазіргі кезде межелі міндеттің үдесінен шығып, жұмысты абыроймен атқаруды мақсат тұтқан сала мамандарымен қатар облыс, аудан басшылары да бұл іске үлкен көңіл бөліп отыр. Ауыл еңбеккерлері  Жер-ананың берген сыйын дер кезінде ысырап етпей жинап алу қамымен жұмысқа қызу кірісті.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Көксу ауданы