«Қорғаста» «Хундай» автокөліктерін жинайтын зауыт салынады

Уақыты: 31.10.2023
Оқылды: 586
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазір Қазақстандағы ірі құрылыс объектілері арасында 13 арнайы экономикалық аймақ ерекше орын алса, солардың екеуі Панфилов ауданында шегара маңына орналасқан. Президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың қыркүйек айындағы Жолдауында осы арнайы экономикалық аймақтар жөнінде айтылып, олардың қызметін принципті жаңа бағытта ұйымдастырып, дамытудың жолдары да атап көрсетілді.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ құрамындағы 129 гектар аумаққа салынған «Құрғақ порт» айлағының еліміздің экономикалық дамуы мен халықаралық транзиттік әлеуетінің артуына берер берекесі ерекше. Бұл жоба бүгінде Қазақ- станның экономикалық күретамырына айналды. Құрғақ айлаққа Қытай мемлекеті тарапынан тар танапты 3, Қазақстан тарапынан кең жолақты осынша теміржол желісі тартылып, соңғы бірнеше жылдан бері көрші елмен жүк алмасуда. Үстіміздегі жылы мұнда тағы теміржол желісі жасалып, жүк тасымалы еселеп артыпты. Соның бір көрінісі АЭА аумағына дәл қазір 8500-ден астам шетелдік жаңа жеңіл автокөліктер әкелініп, одан әрі тасымал кезегін күтіп тұр.

2013 жылы салынған «Құрғақ порттағы» екі ел арасындағы жүк алмасудың негізгі басқарушы операторы – «RNZE-Ksrgos Gateway» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сол сияқты бұл аймақта «Құрғақ айлақпен» жапсарластырып 225 гектар аумаққа логистикалық орталық жасалып, ондағы қоймаларда мыңдаған тонна жүк сақталып, сан тарапқа аттандырылуда. Сонымен қатар, 224 гектар жерге индустриялдық аймақ орналасқан. Онда салынған алғашқы оннан астам өндіріс орындары іске кірісті. Олардың қатарында «KTZE-Khorgos Gateway», «KIF Warehouses», «OazProdGroup», «Khorgos Free Zone Logistiscs», «SSA Feed Mills», «Oazag Fruits», «Standard Steel KZ», «Kok-tobe safflower», тағы басқа жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Яғни, бұл арнайы экономикалық аймақ қуатты өндіріс орындарының өркендеуіне де жол ашты. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрылысы жалпы бірнеше кезеңдерге бөлініп атқарылып, бірнеше жылға созылды. Анығырақ айтқанда, мұнда қазір де сан салалы құрылыстар жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылдың 9 айында арнайы экономикалық аймақта қатысушы жобалардың жалпы құны 497 миллиард теңге болатын 45 қатысушы тіркелген. Соның 13-і жыл басынан бастап кәсіпорынның құрылысын бастады. Олардың бірқатары зауыттарының құрылысын аяқтап, өнім өндіре бастады. Мысалы, осындағы жем, металдан шифер шығаратын, гигиеналық бұйымдар жасайтын, софлор мен күнбағыстан май сығатын зауыттар мен тігін цехы өз өнімдерін жергілікті базарға және шетелдерге сатуда. Мұндағы электр қуатын өндіретін күн батареяларын жасайтын «MIAMI SOLAR» зауыты толықтай іске кірісті, келісімшарат бойынша алғашқы өнімдерін АҚШ еліне сатпақшы. 

Индустриялық аймақта ҚР мен ҚХР арасында келісім жасалып, технопарк құруға мың гектар жер бөлініп, болашақта мұнда 25-ке жуық өндіріс орындары салынбақшы. Бұл кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылар мен мамандардың 70 пайызы жергілікті тұрғындардан болуы шарт. Осы аумақта теміржолшылар мен логистик мамандар дайындайтын университет те бой көтеруі мүмкін. Сонымен қатар, Оңтүстік Кореямен келісімшарт жасалып, 200 гектар жерге «Хундай» автокөліктерін жинайтын зауыт орын тебеді.

Өткен жылы «Құрғақ порттың» екінші жүк өңдеу кезеңі іске қосылды. Оған дейін айлақтан күн сайын жүк тиелген 8-9 пойыз аттандырылса, бұл көрсеткіш екі есе өсіп, күн сайын айлақтан жүк контейнерлері тиелген 18-19 пойыз сан тарапқа жол тартуда. Олардың ҚХР тарапынан өткізілген контейнерлерге тиелген жүктердің басым бөлігі Орта Азия мен Парсы шығанағы арқылы Еуропаға, тағы басқа да шалғай шетелдерге қысқа мерзімде жеткізіледі. Солардың қатарында «Hewiett Pacard», «Toyota», «DHL», тағы басқа да әлемге танымал көптеген компаниялар өз тауарларын осы жерден Орта Азия мен Батыс Еуропаға таратуда. Бұлар негізінен әлем елдеріне озық үлгідегі жеңіл, ауыр автокөліктер, басқа да құрылғылар сататынын отандастарымыз жақсы біледі.

Екінші кезеңінің іске қосылып, жүк тасымалын екі есе арттыруы «Құрғақ айлақ» қызметінің шегі емес. Болашақта бұл кәсіпорын пойыздарға жүк тиеу жұмысын әлі талай есеге жоғарылататыны белгілі. Өйткені қазір Алматы мен Қорғас арасындағы теміржол желілерін тағы көбейтудің жобалары жасалуда. Яғни, бұл жолдар ел берекесіне еселеп табыс әкелетіні сөзсіз.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ