БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ҚАЛАЙ ЖҰМСАЛДЫ?

Уақыты: 26.02.2024
Оқылды: 373
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс бойынша тексеру комиссиясы өткен жылды қалай қорытындылады? Бюджет қаражатын пайдалануда ысырапшылдыққа жол берілген жоқ па? Бұл туралы тексеру комиссиясының төрағасы Ардақ Тоқбергенов айтып берді.


– Ардақ Айдарқұлұлы, облыс бойынша тексеру комиссиясының өткен жылы атқарған жұмыстары туралы айтып берсеңіз?
     – Облыс бойынша тексеру комиссиясы былтыр 15 аудиторлық іс-шара жүргізіп, 145 аудит объектілерін қамтыды. Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 192 306 155,1 мың теңгені құрады, оның 149 299 838,3 мың теңгесі қаржылық бұзушылықтар. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану – 31 395 241,2 мың теңге, тиімсіз жоспарлау – 11 611 075,6 мың теңге және 576 рәсімдік бұзушылықтар анықталды. Сонымен бірге 224 кінәлі лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жергілікті бюджетке 26 569,3 мың теңге әкімшілік айыппұл түрінде өндірілді. Тәртіптік жауапкершілікке 41 лауазымды тұлға тартылды. Аудиторлық іс-шараларының нәтижелері облыстық және аудандық депутаттардың қатысуымен тексеру комиссиясының отырыстарында қаралып, аудиторлық іс-шаралардың материалдары облыстық мәслихатқа және облыс әкімдігіне ұсынылады. Жергілікті бюджетті атқарудағы проблемаларды жүйелеу және анықтау мақсатында жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептер жасалады. Осылайша, 2023 жылы облыстық бюджеттің, 2 облыстық маңызы бар қала және 8  ауданның жергілікті бюджеттерінің атқарылуы туралы есептер жасалды.

– Анықталған бұзушылықтар туралы мысал келтіресіз бе?
– Атап айтатын болсақ, Алакөл ауданында жүргізілген аудиторлық іс-шаралар барысында ауданның мемлекеттік мекемелерінің бірі тапсырыс беруші ретінде мердігердің есепшотына 238 700 мың теңгені негізсіз аударғаны анықталды. Бұл ретте мердігер келісімшартта көзделген міндеттемелерді орындамай, құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Қаражат 2021 жылдың мамыр айынан бастап мердігердің шоттарында жатқан, яғни, оның қаражатты депозитке салу арқылы табыс табу мүмкіндігі болған. Құрылыс жұмыстары тоқтап қалғанына байланысты жұмыстарды орындауға басқа мердігер тартуға тура келген. Соған қарамастан, тапсырыс беруші бірінші, яғни жұмыстарды орындамаған мердігерден бұрын төленген соманы қайтару туралы талаппен сотқа жүгінбеген. Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша тексеру комиссиясы бұзушылықты жою туралы нұсқама жолдады. Нәтижесінде тапсырыс беруші сот органдарына талап- арызбен жүгініп, мердігерден орындалмаған міндеттемелер сомасы 238 700 мың теңгені және 64 159,5 мың теңге өсімпұлды жергілікті бюджет кірісіне өндіру туралы сот шешімі қабылданды. Бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін құқық қорғау органдары қарауда. 
Тағы бір мысал келтірейін. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мемлекеттік мекемесінің ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының жергілікті бюджет қаражаты мен активтерін пайдалану тиімділігіне аудит жүргізу барысында ҚР Еңбек кодексінің және ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» № 1193 қаулысының талаптары бұзылып, 2021-2022 жылдары мекеме есепшілері мен мемлекеттік сатып алу жөніндегі маманның шоттарына 2 448,1 мың теңге сомасында қаражат негізсіз аударылғаны, яғни жымқырылғаны анықталды. Заңсыз аударылған қаражат жергілікті бюджетке қайтарылды. Мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларының жауапкершілігін қарау үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.

– Тексеру комиссиясы тарапынан анықталған бұзушылықтардың бірі бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері. Бұл бұзушылықтар бюджеттік бағдарламаның тиімсіз орындалуына және оң нәтижеге қол жеткізуге кедергісін тигізеді емес пе?
– Әрине. Атап айтқанда, Сарқан ауданының мемлекеттік органдарына бөлінген бюджет қаражатының атқарылуын талдау барысында жалпы сомасы 941 450,3 мың теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Мысалы, осы аудан бойынша барлық коммуналдық қызмет төлемдерін орталықтандыру мақсатында 2021 жылдың шілде айында 71 900,0 мың теңгеге «SmartSiCenter платформасындағы бірыңғай есеп айырысу орталығы» бағдарламасы сатып алынған. Алайда, аудиторлық іс-шаралар барысында, яғни, 2023 жылдың қазан айында аталған бағдарламаның жұмыс істемейтіні анықталды. Ал Кербұлақ ауданында 2021 жылдың қазан айында 39 984 мың теңге, 2022 жылдың шілдесінде 37 520,8 мың теңге бюджет қаражаты аударылып, жалпы сомасы 77 504,8 мың теңгеге құдықтан суды көтеру үшін күн электр стансысы сатып алынған. Бақылап, тексеру нәтижесінде күн электр стансыларының жұмыс істемейтіні және электр стансыларын қалпына келтіріп, жүргізу үшін кепілдік мерзімінің өтіп кеткені анықталды. Сондықтан, күн электр стансыларын қалпына келтіруге бюджеттен қосымша қаражат қажет болады. Жоғарыда аталған күн электр стансыларын сатып алудың мақсаты мен түпкілікті нәтижесі 1м3 судың өзіндік құнын төмендету үшін балама электр қуатын алу болған. Күн электр стансылары жұмыс істемейтіндіктен түпкі нәтижеге қол жеткізілмеген. ҚР Бюджет кодексінің талаптары бұзылып, күн электр стансыларын сатып алуға жұмсалған қаражат тиімсіз пайдаланылған.
Тиімсіз игерілген бюджет қаражатын басқа да проблемаларды  шешуге, мәселен, облыстағы медициналық және білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, күрделі жөндеу жүргізуге бағыттауға болатын еді. Атап айту керек, облыс әкімдігі тарапынан бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуда. Мысалы, 2023 жылы медицина саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,9 млрд. теңге бөлініп, 2 млрд. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар, 884 млн. теңгеге компьютерлік томография және рентген аппараттары, 750 млн. теңгеге 29 «Жедел жәрдем» көлігі және 200 млн. теңгеге 43 бірлік функционалдық төсектер сатып алынған (Жетісу облысы әкімдігінің ақпараты бойынша). 

– Анықталған бұзушылықтардың себеп  салдарына ойыссақ.
– Қаржылық бұзушылықтардың негізгі бөлігі ҚР Бюджет кодексінің, Еңбек кодексінің, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Заңдарының, Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидалары талаптарын, тағы басқаларын сақтамау салдарынан орын алған. Жүргізілген аудиторлық іс-шаралар қаржылық тәртіпті сақтаудың жеткіліксіз деңгейін, мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды адамдарының ҚР-дің қолданыстағы бюджет және өзге де заңнамасының нормаларын сақтамайтынын көрсетеді. Бұзушылықтардың себептері қолданыстағы заңнаманы жеткілікті білмеу және тексерілетін субъектілердің лауазымды тұлғалары тарапынан бюджет қаражатын жоспарлау мен жұмсалуына тиісті бақылаудың болмауынан орын алған. Жоғарыда аталған бұзушылықтар мен кемшіліктер ауданның, облыстың қаржылық жағдайы туралы сенімсіз ақпаратқа, бюджет қаражатының, активтерінің мақсатқа сай емес және тиімсіз жұмсалуына, жоспарланған бюджеттік бағдарламалардың тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізілмеуіне, басқа да салдарға әкелуі мүмкін. Тексеру комиссиясы қызметіндегі басым бағыттардың бірі ҚР заңнамасын бұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар анықталған кемшіліктердің алдын алу және жою. Тексерілетін объектілермен өзара іс-қимыл жасау барысында оларға тиісті ұсыныстар, оның ішінде бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бойынша ұсынымдар беріледі.

– Мысалы? 
– Мысалы, мекемеде нақты жұмыс істемейтін адамдар арқылы бюджет қаражатын ұрлау фактілерін азайту, профилактикалық іс-шараларды қабылдау мақсатында штаттық құрылым (соның ішінде пәндер бойынша оқытушы санын, мамандық бойынша дәрігер мен медбике санын көрсете отырып, тағы басқалары), тарифтік тізімдер, қызметкерлердің жалақысын есептеу калькуляторын (банк несиелерін есептеу мысалында, тағы басқалары), қаржыландыру жоспарларына қатысты ақпаратты мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің интернет-ресурстарында және олардың ғимараттарында орналасқан тиісті стендтерде орналастыруды нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде міндеттеу туралы тиісті органдарға ұсыныстар енгізілді. Сондай-ақ, әлеуметтік желілердің серпінді дамуын ескере отырып, жоғарыда аталған ақпаратты мекемелердің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында орналастырса, мекеме қызметкерлері тарапынан олардың басшылығына ішкі бақылау жасау арқылы қаржы саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алады деп ойлаймыз. Мәселен, ұйым қызметкерлерінің көбі өз ұжымындағы барлық қызметкерді таниды. Мысалы, биолог мұғалім барлық биолог мұғалімді, терапевтер барлық терапевті, күзетшілер барлық күзетшіні біледі. Мекеме қызметкерлері арасында штаттық құрылым (штаттық кесте), тарифтік тізімдер, қызметкерлердің аты-жөндерінің, атқаратын лауазымдарының және тағайындаулар туралы ақпараттың болмауы, нақты жұмыс істемейтін адамдар арқылы бюджет қаражатын ұрлау фактілеріне ықпал етеді. Сондай-ақ, ҚР Жоғарғы аудиторлық палатасына қаржы бақылау органының әдістемелік құжаттарына толықтыру енгізгенде жоғарыда аталғандарды ескеру жөнінде нақты ұсыныстар енгізілді.
– Рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан: Айгүл Байжұмақызы