Шаруалар субсидияға қол жеткізе алмай отыр

Уақыты: 28.02.2024
Оқылды: 409
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев ҚРАуыл шаруашылығы министріАйдарбек Сапаровқа жолдаған депутаттық сауалында ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар мәселені көтерді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек», -  деп Үкіметке нақты міндеттер жүктеген еді.

Елдің өсіп-өркендеуі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Алайда, суармалы егістікке байланысты бірқатар мәселелер туындауынан шаруалардың өздеріне тиесілі көмектерге қол жеткізе алмай жатқан жайы бар.Түркістан облысының ауыл шаруашылығының негізін мақта және бау-бақша дақылдарын өсіру құрайды, бұл салада 83 мың шаруа қожалығы жұмыс істейді. Бұл өңірдің егістік көлемі 860 мың гектар, суармалы алқап 552 мың гектар және еліміздің суармалы жерінің 4/1 құрайды, - деді депутат.  

Түркістан облысы – мақта дақылдарын өсірумен айналысатын бірден-бір аймақ. Былтырғы жылы шаруалар берілетін субсидиясына заңдағы қайшылықтар салдарынан қол жеткізе алмай қалды.

Себебі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілген қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларының»  (2015ж. 30 маусымдағы № 6-3/597) 1-тарауының 4-тармағына сәйкес егіс алқабына су есептегіш құралдары мен құрылғылары орнатылмаған жағдайда субсидия берілмейді. Бұл талап ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілді. Сондықтан, шаруалардың суармалы жерлеріне берілетін суға мемлекеттен субсидия алу үшін су есептегіш құралы болуы кажет, - деді депутат.

Диқаншылық маусымдық болғандықтан, шаруалар су есептегіштерінің орнатылуын күте алмайды. Оның үстіне көптеген шаруалардың қондырғы орнатуға өз күші жетпейді және олардың қаражаты да шектеулі. Айналдырған
2 гектарға егін салатындар пайдаға қарық болып жатыр деуге келмес. Облыста бір ғана мақтаның түсіміне бір миллиондай тұрғынның күні қарап отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл ұстанымы Қазақстандағы агроөнеркәсіп өнімдерін өсіретін барлық шаруа қожалықтарын алаңдатып, олардың жағдайына қауіп төндіріп  отыр.    

Депутат ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 6-3/597 бұйрығымен бекітілген ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге  су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидалары 1-тарауының 4-тармағын алып тастауын сұрады.

Фото: kontur.ru