БИЗНЕСТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛДАУ

Уақыты: 28.02.2024
Оқылды: 357
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері Қаратал ауданына барып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырды.


Кәсіпкерлермен кездесуде проблемалық мәселелер анықталып, талқыланды. Мұндай жиынға мемлекеттік және құқық қорғау органдары – прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, экономикалық тергеу, мемлекеттік кірістер департаменттері, ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыс бойынша және жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері жиі қатысады.

Кездесуде кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев өңірлік палата және құрылған салалық кеңес қызметінің нәтижелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
– Біз кәсіпкерлерді толғандыратын проблемалық мәселелерді анықтау мақсатында облыстың барлық өңірін аралаймыз. Биыл осындай кездесулерді Панфилов, Ескелді, Алакөл аудандары мен Текелі қаласында өткіздік. Бизнесті қорғау және қолдау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесу – бизнестегі проблемалық мәселелердің оң шешілуіне септігін тигізеді деп санаймыз, – дейді Дәурен Оңалбаев.

Басқосуда кәсіпкерлер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелеу, грант бөлу, субсидиялау, мобильді аударымдар сияқты мәселелерді көтерді. Олардың көбі бизнесті дамыту үшін жер телімдерін сатып алудың қиындығына шағымданады. Айтуларынша, құзыретті мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері құжаттарды рәсімдеуді түрлі сылтаумен кешіктіреді, яғни, бұл үдерісті тежеп қана қоймай, бизнеске де зиянын тигізеді.

– Бірінші кезекте коммерциялық нысанға жер телімін алу мәселесін қозғадым. Ал әкімдік қызметкерлері мұны қалай шешуге болатынын білмейді. Жер телімін алуға құжаттарды тапсырғаныма 1 жыл болды. Шешім қабылдау үшін көп уақыт қажет пе? Енді оларды бөлуге байқау наурыз айында өтеді деп айтылуда, – дейді кәсіпкер Ержан Талғатов.

Мұндай кездесулер бизнес-қоғамдастықтың проблемаларын тыңдауға және кәсіпкерлердің бизнесті дамытуға қатысты ұсыныстарын айтуға мүмкіндік береді.
Мәселен, былтыр      40-қа жуық осындай кездесу өтіп, онда өңір кәсіпкерлері 70 шақты проблемалық мәселе көтерген. Нәтижесінде олардың 29-ы оң шешімін тапқан.

Айгүл Байжұмақызы
Қаратал ауданы

Фото: planfact.io