Қызылша өсіру агротехнологиясындағы серпінді жаңалық

Уақыты: 12.03.2024
Оқылды: 353
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өткен жылы қант қызылшасынан жақсы өнім алынды. Жетісу облысы бойынша әр гектардан орта есеппен 420 центнерден өнім жиналды. Бұл бұрын-соңды болмаған жоғарғы көрсеткіш.

Қант зауыттары бүгінде қызылша өңдеу жұмысын аяқтады.   Барлығы 40 мың тонна қант өндірілді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде өндірістік шығындарды субсидиялау  шаруалардың мол табысқа кенелуіне мүмкіндік берді. Мәселен, тұқым, тыңайтқыш, пестицид және ауылшаруашылығы техникалары мен жанар-жағармай материалдарын сатып алуға, суармалы егіске су жеткізу қызметтеріне жұмсалатын шығындарды ішінара өтеуге 25-50% жеңілдік берілді. Бұл мәселелердің оңтайлы шешілуіне облыс әкімдігі көп күш салды.

Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде жаңа технологияның   рөлі ерекше. Өткен жылы конвизо смарт жаңа жүйесі 10 шаруашылықта жалпы көлемі  530 гектар қызылша алқабында қолданылды. Нәтижесінде гектарынан орта есеппен  650 центнерден өнім алынды. Калледония, данута, аламея, иберия, смарт джаконда гибридтерінің өсіп-өну, фотосинтез қарқындылығы байқалды. «Гладиус Қаратал» ЖШС жетекшісі Рахым Каримов 170 гектар егістіктің әр гектарынан орта есеппен 80 тонна түсім, ал жекелеген танаптардан 100 тоннадан артық өнім жинады. Бұл және тағы басқалары жөнінде өткен жылы қазан айында өткен далалық семинарда көрсетілді.

Жалпы қант қызылшасы агротехнологиясында толық шешілмей тұрған проблемалардың бірі – егістікті түрлі арамшөптен қорғау, жаз бойы алқапты таза ұстау. Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңір агрофоны табиғатында арамшөптер тығыз өседі. Бұл жерде бір, екі және көпжылдық, жаздық, күздік, қыстық, тамыр және өзек тартатын рудеральды, сидеральды арамшөптердің 40-тан астам түрі мен тұқымдастары қалың өседі.

Осы уақытқа дейін арамшөптерге қарсы қолданылып жүрген гербицидтердiң классикалық жүйесі – тұқым себу алдында топыраққа шашатын (дуал голд, фронтьер оптима), вегетация  мерзімінде берілетін (лонтрел, зеллек супер, бицепс гарант, бетанал) арамшөптің 92-95%-ын жояды, ал көпжылдық  шырмауыққа, кекіреге, повиликаға (сары шырмауық) мүлде тиімсіз.  Ғылыми анықталған анализ бойынша суармалы өңірде орташа 1 гектар жырту тереңдікте жарты миллиард шамасында арамшөп тұқым қоры жатады, олардың тіршілік мерзімі 20-30 жыл. Сонда 5-7% гербицидке жойылмай қалған қурай шөп өскіндері суғарған сайын жаз бойы тағы миллиондап шығады. Көп жағдайда  шаруашылықтар егісті қосымша қолмен отап, тәпкілеуге мәжбүр  болады. Қант қызылшасы өсімдігі табиғатынан арамшөптерге төзімділігі өте төмен екенін ескерсек, бұл жағдайда конвизо смарт жүйесінің тиімділігі 99 -100% болғанның өзінде олардың өсу қарқыны жоғары болып тұр.

KWS компаниясы тарапынан арнайы өкіл Руфат Наджапов осы жылдар ішінде белсенді жұмыс жүргізді. Көптеген кездесу мен семинарлар өткізіп, мәселені талқылап, гибридтерді сортсынау негізінде жаңа гибрид-будан (терраново, концертина, смарт гибрид, калидония, иберия, данута, тағы басқалары) аудандастырылып, ҚР мемлекеттік тізіліміне енгізілді.

Абулхаир Бексұлтанов,
агротехнологиялар жөнінде сарапшы,
ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты