Талдықорғанда тәуілігіне 6 тонна нан өнімдері шығарылады

Уақыты: 04.04.2024
Оқылды: 242
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл шаһардағы «Алтын Емел» нан зауытына барып жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорында тәуілігіне 6 тонна нан өнімдері шығарылады. Бүгінде онда 90-нан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ас  атасының 25 түрі пісірілуде.

 Таныстырушының сөзінше, «Алтын Емел» нан зауыты бүгінде  Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласымен қатар аймақтағы Көксу, Ескелді ауданы және Текелі қаласында тәтті тоқаш тағы басқа да нан өнімдерімен толық қамтып отыр. Күнделікті дүкендерге арнайы жабықталған көліктермен 15 мың дана нан жеткізіледі. Зауытта  наннан бөлек, тәулігіне 50 тоннаға дейін жоғары сортты ұн өңдеп шығаруға қауқарлы заманауи диірмен  іске қосылған.

 – «Біздің кәсіпорын 2012 жылдан бері осы нан өнімдерін шығарумен айналысып келеді. Мұнда бастысы нан түрлерінің дәмді әрі сапалы  болуына баса мән беріледі. Сондықтан өнімдерге деген сұраныс жоғары. Біз қазір бидайдан ұнды да өзіміз тартудамыз. Сондай-ақ, әлеуметтік төмен бағадағы бірінші сұрыпты ұннан нан да пісіріледі»,- дейді зауыт басшысы Мирас Исламхан.

Зауытты толық аралап жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңілі толатынын айтқан шаһар басшысы Ернат Дүйсенбекұлы халықтың қажетін толық қанағаттандырып отырған мұндай кәсіпорынның қарқынын еш бәсеңдетпеу керектігін ескертті. Сондықтан әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

 

                                                                           Айдын КӘЛІМХАН