ДИҚАНДАР ЕГІС ДАЛАСЫНДА

Уақыты: 08.04.2024
Оқылды: 301
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Көктемнің әр күнін тиімді пайдаланғанда ғана күзде кеусені толатынын білетін облыс диқандары дала жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде Қаратал ауданындағы шаруа қожалықтары да қызу жұмысқа кірісті.


Көктем шаруаларға көп жүк артады. Сондықтан астық алқабындағы диқандар мен шаруалар дала жұмыстарында тыным таппай, бел жазбай еңбек етіп жатыр. Ала жаздай қамбаны астыққа толтыру үшін тәжірибелі егіншілер тыңайтқыштарды молынан пайдалануға үміт артады. Қазір диқандар жер жырту жұмыстарына қызу кірісті.

Биыл аудан бойынша 1500 гектар қант қызылшасы, 8237 гектар дәнді дақыл, 2305 гектар майлы дақыл, 1116,5 гектар картоп, 2405 гектар көкөніс-бақша дақылдары, 7004 гектар мал азығын себу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 166 гектар жаздық бидай мен арпа, және 15 гектар көпжылдық шөп себу жұмыстары басталды. Көктемгі дала жұмыстары бойынша ылғал жабу жоспары толығымен орындалды. Тырмалау жоспары бойынша 3478 гектардың 2800 гектары орындалды. Аудан бойынша  849,2 тонна минералдық тыңайтқыш қолдану жоспарлануда.  Оның ішінде 7 шаруа қожалығы 516 тонна минералдық тыңайтқыш сатып алды. Сонымен қатар, себілетін тұқымдар толығымен алынып, сапасын тексеруге зертханаға жіберіліпті.

Айдар ҚАЛИЕВ