ҚОЗЫ-ЛАҚ КӨБЕЮДЕ

Уақыты: 08.04.2024
Оқылды: 300
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Алакөл ауданында көктем келісімен мал төлдету науқаны басталды. Шаруалар да жыл бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесін осы кезде бағамдайды. 


Дегенмен де қара жердің арқасы сөгіліп, көк шыға бастағанда малшылар қауымының иығына түсер салмақтың еселене түсетіні хақ. 

Мал қыстату мен қой төлдету науқанына тыңғылықты әзірленген алакөлдік шаруалар қыс қаһарына төтеп беріп, шығынға ұрынған жоқ. Көктемгі мал төлдету науқанына барлық түлік түрі қоңды келді.

Осындай алдын ала жасалған тыңғылықты дайындықтардың нәтижесінде мал төлдету науқаны қалыпты жағдайда жүргізілуде.

Өңірде қыс пен көктемгі мал төлдету науқанына жалпы 183,3 тонна шөп, 47,2 тонна жем, 25,1 тонна сүрлем, 56,7 тонна сабан және 14,2 тонна пішендеме жемі дайындалған.

Істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелентіп отырған жандар аз емес. Аудан көлемінде мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын 317 шаруа қожалығы қызу жұмыс атқаруда. Биыл ақ айдынды өңірдегі барлық меншік түріндегі есеп бойынша 95 376  қой тұқымының төлдеуге тиіс 51 941 саулықтың наурыз айының екінші онкүндігіне дейін мыңнан астамы төлдеп, мыңнан аса қозы алынды.

Мұхтар Күмісбек
Алакөл ауданы