Жауапкершілік жүгі ауыр

Уақыты: 08.04.2024
Оқылды: 312
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысы аграрлы өңір болғандықтан ауылшаруашылық саласында кемшілікке жол бермеу аса маңызды. Аталмыш мәселе өткен жұма күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен «Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мәселелері» атты семинарда жан-жақты сөз болды. 


Келелі кеңеске ауылшаруашылық саласына қатысы бар барлық жауапты маман қатысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев төрағалық жасап, жауапты науқанды жауапкершілікпен жүргізу үшін барлық пікір мен ұсыныстар маңызды екендігін, бірлесіп атқарған жұмыстың арқасында межелеген жетістікке жетуге болатынын атап өтті.

Жиында облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев биыл себілетін дақылдардың түрлері мен көлемі бекітіліп, өңірлерге жолданғандығын, бұл былтырғыдай кейбір жекелеген дақылдардың шамадан тыс көп егіліп, оны өткізуде туындайтын қиындықтардың алдын алуға бағытталғандығын жеткізді. Сонымен қатар, қант қызылшасын себу мәселесін сөз ете келе оған қажетті сепкіш техника мен тұқымның жеткілікті екендігін айтты.

«Ақсу қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Самат Нәдірбаев қазіргі таңда өзекті деген  мәселелерге тоқталды.

Басқосу соңында шаруалар тарапынан ауылшаруашылық техникаларын жаңалауға берілетін жеңілдетілген қаржы көлемінің аздығы, мемлекеттен берілетін субсидиялардың науқан кезінде ертерек берілмеуі сөз етілді. Сонымен қатар, диқандар былтыр үлкен мәселеге айналған жүгері өнімін өткізу биыл да қайталанбаса деген ұсыныстарын жеткізді.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалы директорының орынбасары Дулат Мұхамадиев, «ҚазСуШар» облыстық филиалының директоры Саят Құдайбергенов, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институты басшысының орынбасары Азамат Хидиров көктемгі егістік жұмыстарына қатысты ойларын ортаға салды.

Семинарды қорытындылаған Әлібек Әскербекұлы көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде өткізуді қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылдау қажеттігін айтты. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқыммен толық қамтамасыз ету, кепілдендірілген жанар-жағармайды уақытылы жеткізу, машина-трактор паркін жаңарту, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге несие беру жөніндегі жұмыстарды жандандыру, суармалы суды уақытылы беру үшін суару арналары мен су шаруашылығы құрылыстарын дайындау қажеттігін алға тартты. Бірқатар жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеген облыс әкімінің бірінші орынбасары сөз соңында барлық ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге көктемгі егіс науқанын сәтті өткізіп, қамбаларының астыққа толуына тілектестік білдірді.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы