Өтінім қабылдау жалғасуда

Уақыты: 12.06.2018
Оқылды: 1062
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңірлік коммуникациялар қызметінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева, облыстың еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары Мұрат Мәдіғұлов және «ТАЭТК» АҚ баспасөз хатшысы Нұржамал Әбеуова қатысты.

Мұрат Мәдіғұлов қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мен бизнес-құрылымның ел дамуына қосқан үлесін, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жария етуге бағытталған «Парыз» сыйлығына өтінім қабылдаудың басталғанын мәлімдеді. Жыл сайын байқауға 30-дан 50-ге дейін кәсіпкерлік субъектісі қатысады. Республикалық деңгейде байқаудың лауреаттары болып 2008 жылы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «Алматы қанты» ЖШС, 2009 жылы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «Нүсіпов и К» ЖШС, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша «JTI» компаниялар тобы, 2010 жылы «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» номинациясы бойынша «Томас» ЖШС, 2011 жылы «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Әділ» ШҚ, 2012 жылы «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «ТК Интеграл» ЖШС, 2013 жылы  «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «ТАЭТК» АҚ, 2016 жылы «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «ТАЭТК» АҚ, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «ТК Метакон» ЖШС атанды. 
– Өткен жылы облыс кәсіпорындары арасында «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымында «Kagazy Recycling» ЖШС жеңімпаз атанды. Байқауға қатысу тегін және өтінімдер 1 шілдеге дейін қабылданады. Сонымен қатар байқауға қатысушылардың өтінімдерін бағалау үшін сараптамалық жұмыс тобы құрылды, – деді Мұрат Мәдіғұлов.
Спикер 1 наурызда басталған «Еңбек шартын жасаңыздар!» республикалық акциясының іске асырылуы нәтижелерімен таныстырды. Акцияның ұйымдастырушылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіподақтар федерациясы. Шараның мақсаты бейресми еңбек қатынастарына жол бермеу және оларды анықтау, еңбек қатынастарының жасырын түрлерін қысқарту, азаматтардың еңбек саласындағы өз құқықтарынан хабардар болу деңгейін арттыру. Акция аясында тікелей телефон желісі құрылып, еңбек инспекторлары тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 
– Сұрастыру кезінде 643 жұмысшының еңбек шартынсыз жұмысқа тартылғаны анықталып, бүгінде толық еңбек шарты жасалды. Облыстағы барлық жұмыс берушілерді және жұмысшыларды заң талаптарын сақтауға шақырамыз, – деп атап өтті Мұрат Мәдіғұлов. 
Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева бизнес өкілдері үшін «Парыз» сыйлығының маңыздылығына тоқталды. 
– Қазіргі таңда кәсіпкердің жаңа бейнесі қалыптастырылуда. Бүгінгінің кәсіпкері ұжымының жағдайын ойлайтын, еңбек шарттарын жасаған, экологияға, жалпы өңір дамуына үлес қосатын іскер азамат. Аталмыш критерийлердің барлығы жыл сайынғы «Парыз» байқауын тағайындау кезінде ескеріледі. Көпке мәлім, осындай бизнесмендер әрбір қала, аудан мен ауылда бар. Мысалы, жақында Кербұлақ ауданының кәсіпкері Қаныш Ниетбаев өз қаражатына балалар алаңқайын салып берсе, Ұйғыр ауданындағы Варис Исламов 5 млн. теңгеге Кіші Ақсу ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізді. Жыл сайын Райымбек ауданында «ТЭК «Беркут» ЖШС басшысы Ләззат Ботабекова мұқтаж азаматтарға 300 тонна көмір түсіріп береді, – деді спикер.
Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілік үлгілері Ұлттық палата бастаған «Атамекенім» республикалық акциясы аясында насихатталуда. Акция қайырымдылық мәдениетін және әлеуметтік жауапкершілікті жүйелі дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, Кәсіпкерлер палатасы жанында нақты мәселелерді шешуге, жалпы кәсіби қайырымдылықты дамытуға арналған Әлеуметтік мәселелер реестрі жұмыс істейді. Әлеуметтік мәселелер реестрі арқылы қандай да бір көмекке немесе қолдауға мұқтаж азаматтар онлайн-режимде осы тізімге өтінім қалдыра алады. Кәсіпкерлер өтінім-тілектермен танысып, қолдау білдіре алады. 
«Парызға» қатысу тәжірибесі, сондай-ақ, кәсіпорындағы әлеуметтік саясаттың жүргізілу жолдары жайында «ТАЭТК» АҚ баспасөз хатшысы Нұржамал Әбеуова айтып берді. «ТАЭТК» аталмыш сыйлықтың екі мәрте жеңімпазы атанған компания.
– Кәсіподақ комитеті арқылы қызметкерлердің денсаулығын жақсарту мен емдеуге көп көңіл бөлінеді. Өткен жылы профилактикалық, емдеу және оңалту мақсатында 46 азамат түрлі санаторийда денсаулықтарын түзеді. Жұмысшыларға асханада ынсапты баға бойынша ыстық тамақ ұсынылады және жұмыс пен үйге тасымалдау қызметі бар. «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіпорнымызда көп балалы отбасыларына оқушыларды мектепке дайындау үшін 1,6 млн. теңге бөлінген, – деді Нұржамал Әбеуова.     
Сонымен бірге кәсіпорын балалар үйлеріне, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтарға, Ауған соғысы мен ҰОС ардагерлеріне тұрақты түрде көмек көрсетеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА