ӨҢІРЛЕР БІРІКСЕ, ӨНДІРІС ӨРКЕНДЕЙДІ

Уақыты: 31.10.2018
Оқылды: 1038
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ бастаған делегация Қостанай облысына барып қайтты. Сапар аясында Қостанай облысының әкімі Архимед МҰХАМБЕТОВ өлкедегі өндірістік және мәдени нысандармен таныстырды.

Жетісулық қонақтар алдымен ұлы ағартушы, қазақ мектептерінің негізін қалаған тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсариннің кесенесіне тәу етті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кесенеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, айналасы абаттандырылған. Делегация өкілдері бұдан кейін Қостанайға ғана емес, республикаға кеңінен танымал «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасының өндіріс көлемімен танысты. «Баян Сұлу» фабрикасы Қостанай облысындағы маңдайалды кәсіпорын саналады. Мұнда жылына 80,4 мың тонна тәтті шығарылады. Фабрикада екі жақтың өкілдері Жетісу қантын өндіріс орнына тікелей жеткізу жайында ортақ келісім жасасты. Атай кетейік, биыл жетісулық шаруалар 399 мың тонна қызылшадан 40 мың тонна қант өндірмек ниетте. Бұл – рекордтық көрсеткіш болмақ. Отандық қант қызылшасын өсіріп, өңдеу арқылы облыс алыс-жақын өзге аймақтардың да сұранысын қанағаттандырып отыр. Елбасы тапсырмасымен қолған алынған бұл жоба алғашқы жылдан-ақ өз жемісін беріп үлгерді. Ендігі кезекте Жетісу өлкесінің қанты қостанайлық конфеттер мен түрлі кондитерлік өнімдердің құрамында тұтынушыларға жол тартпақ.

Кездесу барысында Алматы облысының әкімі кондитерлік фабрика өкілдеріне Талдықорған қаласынан сауда нүктесін ашу жайында әңгіме қозғап, бұл орайда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін ұтымды пайдалануға болатынын жеткізді.

– Талдықорған қаласындағы жаңа ықшамаудандардың бірінен фирмалық дүкендеріңізді ашсаңыздар болады. Қызықты архитектурамен шағын дүкен ашып қойсақ, оның үстіне экологиялық таза, сапалы отандық өнімге біздің тұрғындар тарапынан сұраныс көп болатынына сенімдімін. Жетісулықтар сіздердің конфет пен вафлиді қуана-қуана сатып алар еді, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Шара шеңберінде Қостанай қаласындағы жаңа спорттық нысан да назардан тыс қалмады. Жуық арада салтанатты түрде пайдалануға берілетін «Тобыл Арена» футбол алаңы 3 мың көрерменге арналған. Нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген. Жоба құны 4 миллион 262 мың теңгені құрайды. Стадионның жасанды шөбі УЕФА талаптарына сәйкестендірілген. Аталған футбол алаңы көпсалалы кешен санатына кіреді. Бірінші кезекте нысан футбол ойынының әр түрінен оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Ал екіншіден мереке күндері концерттік бағдарламалар да осы алаңда ұйымдастырылмақ. Сонымен бірге, регбиден де жаттығу жасауға лайықталған. Айта кетейік, Қостанайда бүгінгі таңда мыңнан астам бала футбол үйірмесіне жазылған. Қостанай облысының басшысы спорттық нысанның жобасы небәрі 8 айдың ішінде іске асқанын, жекеменшік әріптестік ретінде «АстанаГражданСтрой» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізгенін айтып өтті.

Облыс әкімі Амандық Баталов спорттық нысанның құрылыс жұмыстарына жоғары баға бере келе, Талдықорған қаласынан да осындай көпсалалы футбол алаңын ашу қажеттігін алға тартты. Өйткені, Жетісу өлкесіндегі балалардың да футболға деген қызығушылығы өте жоғары. Амандық Ғаббасұлы талантты балаларды спортқа бейімдеу мақсатында Талдықорған қаласының әкімі Дастан Шалтабаевқа футбол алаңын ашу мәселесін пысықтауды жүктеді. Сондай-ақ, өңір басшысы өз сөзінде барлық талапқа сай спорт нысандары көп болса, жастарға да салауатты өмір салтын ұстануға мол мүмкіндік туатынын жеткізді. Делегация келесі кезекте Қостанай қаласының орталық стадионымен танысты. Бұл стадионның басты ерекшелігі – табиғи шөппен көгалдандырылғаны. Былтыр қайта жөндеуден өткен нысан 10 мың орынға кеңейтілген.

Жетісулықтар жалпы аумағы 400 гектарды алып жатқан индустриалды аймаққа ат басын бұрды. Мұнда өндіріске бағытталған жеке инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Индустриалды аймақ құрылысының жобасы төрт сатыға бөлінген. Бірінші сатысында машина жасау кластерін дамыту қаралған. Бұл аумақ 120 гектарды қамтиды. Қазіргі таңда бұл жерге бірінші болып ресейлік «Композит Групп» холдингі орналасты. Бұл компания «МТЗ» маркалы тракторларды құрастырмақ. Сонымен бірге, тоңазытқыш жүйелерінің құрал-жабдықтарын шығармақ. Жоба құны 2,3 миллиард теңгеге тең. Компания 150 жұмыс орнын құрған. Зауыт жылына 3 мың трактор, 100 мың жылуалмастырғыш құрылғылар шығара алады. Сөйтіп, сапар аясында Алматы және Қостанай облыстары арасында тағы бір маңызды келісім жасалды. Ол – аталмыш зауыт өндірген тракторларды жетісулық шаруаларға лизингке беру.

Индустриалды аймақ инженерлік коммуникация желісімен қамтылған. Мұнда инвесторларға қажетті ғимараттар бой көтеруде. Болашақта компания өкілдері бюджет есебіне тұрғызылған ғимарат қаражатын 2 пайыз негізінде қайтармақ. Аймақта жаңа офистер, қонақүйлер бар. Бүгінгі таңда ресейлік және қытайлық инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Болашақта өндіріс аймағында графитті электрод, теледидар, компьютер, тау-кен жабдықтары, трактор двигательдері шығарылады. Аймақтың қалған 140 гектар аумағында астық пен майлы дәнді дақылдарды қайта өңдеу кешендері дамытылмақ.

Жетісу өңірінде 6 индустриалдық аймақ бар. Аталған аймақтарда трансұлттық компаниялардың кәсіпорындары қарышты дамып келеді. Оның ішінде, «Талдықорған» индустриалдық аймағы басты назарда. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов айтып өтті. Қостанай облысындағы индустриалды аймақпен танысқан өңір басшысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаевқа, «Жетісу» ӘКК жетекшісі Талғат Малыбаевқа Қостанай өңіріндегі инвестициялық ахуалмен жете танысу, өзара тәжірибе алмасу, компания өкілдеріне кеңсе салып беру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Делегация индустриалды аймақта орналасқан «СарыарқаАвтоПром» ЖШС ғимаратына бас сұқты. Аталмыш машина жасау зауытының биылғы өндірістік қуаты 88 миллиард теңгені құраған. Барлығы 11 мың машина құрастырылған. Зауыт нарық сұранысына сай автомашинаның 50 түрін өндіруді жолға қойған. Шығарылған өнімнің 7 пайызы дайын күйінде экспортқа шығады. Алдын ала келісім бойынша Талдықорған қаласының әкімдігі «Жетісу» ӘКК арқылы осы зауыттан 35 қоғамдық көлік сатып алуды жоспарлаған. Бұлардың ішінде тек микроавтобустар емес, қаланың көркін аша түсетін 106 орынды үлкен қоғамдық көліктер де жеткізілмек. Облыс басшысы осы орайда Талдықорған қаласының коммуналдық қызметін дамыту үшін қоқыс таситын заманауи көліктер сатып алу мәселесін қарастыру керектігін айтты. Себебі, аталмыш кәсіпорында түрлі бағыттағы көліктер құрастырылады.

Жетісулықтармен кездесуде «СарыарқаАвтоПром» ЖШС қарасты «AllurGroup» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев көлік зауыты шойынға мұқтаждық туып отырғанын жеткізді. Бұл ретте Текелі тау-кен кешені шығаратын шойын өнімдерін тасымалдауға болады. Компания басшысы шойын өндірісіне байланысты әріптестік орнатуға дайын екенін тілге тиек етті. Айта кетейік, «СарыАрқаАвтоПром» зауыты көліктерге талдықорғандық «Қайнар» аккумуляторын қолданады. Шара аясында жетісулық делегацияның бір бөлігі Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейін тамашалап, Соколов-Сарыбай кен орнының жұмысымен танысты.

Сапардың қорытындысы екіжақты әріптестікті нығайтуға арналған меморандумға қол қоюмен түйінделді. Кездесу аясында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Жетісу өлкесінің әлеуметтік-экономикалық дамуына Елбасының өзі жоғары баға беріп кеткенін, таяуда ғана келген Үкімет басшысы да өңірдегі толайым табыстарға көңілі толып қайтқанын жеткізді.

- Алматы облысы барлық салада дамып келеді. Бұл өңір біздің сауда-экономикалық әріптесіміз саналады. Оның үстіне, екі өңірдің ұқсастықтары да көп. Екі облыс та шекаралы аймақта орналасқан. Екі облыс та аграрлы-индустриалды аймақ. Өндірістік және мәдени нысандармен танысу кезінде біз маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Қостанай облысы цемент өнімдерін де сіздердің өңірге жеткізе алады. Біз туризм саласында да бірлесе істер атқаруға дайынбыз. Алматы облысы тамаша табиғатымен көз тартады ғой. Бір ғана Алакөлдің өзі неге тұрады? Сіздердің сапарларыңыз болашақта әріптестігімізді одан әрі нығайтады деген үміттемін, – деді Архимед Бегежанұлы.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қостанайлықтардың ыстық ықыласына ризашылығын білдіріп, өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталды. Қостанай облысы да дамыған аймақтардың біріне жататынын, мұнда да келешегі жарқын жобалардың сәтті жүзеге асып жатқанын жеткізген Амандық Ғаббасұлы:

- Елбасы өңіраралық қарым-қатынасты нығайту және дамыту жұмыстарын қолға алуды тапсырған еді. Сондықтан, бүгінгі екі өңірдің әріптестігі үлкен маңызға ие. Бұл байланыстың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Бұл жайлы Мемлекет басшысы әр Жолдауында айтады. Қостанай облысында барлық жағынан өмір сүруге қолайлы жағдай жасалғанын ерекше атап өткім келеді. Әсіресе, тұрғын үй, әлеуметтік, спорттық нысандарға, аулаларды көгалдандыруға қатысты оң өзгерістер көп. Бюджеттік және демеу қаржыларды біріктіруде жаңа тәжірибелер бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да жемісті жұмыстар байқалады. Кәсіпкерлік саласы да көңіл қуантады, – деді.

Облыс басшысы сөз арасында Жетісу өңірінің даму көрсеткіштеріне жекелей тоқталып шықты. Атап айтқанда, мемлекет қолдауының нәтижесінде облыста қант кластері қалыптасқанын, апорт алмасы қайта жанданғанын, мал шаруашылығы өркендеп келе жатқанын, туризм дамығанын, инвестицияның игіліктерін тілге тиек етті. Амандық Ғаббасұлы  қорытынды сөзінде туризм аясында әріптестік орнатуға дайын екенін жеткізіп, Қостанай облысының балаларын жаз мезгілінде Жетісу лагерьлерінде алаңсыз демалуға, Алакөлдің емдік суына шомылып қайтуға шақырды.

Залина АТАБАЕВА

Қостанай облысы