АҚСУ ҚАНТ ЗАУЫТЫНДА ЖАЛАҚЫ ӨСЕДІ

Уақыты: 12.11.2018
Оқылды: 970
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ақсу қант зауыты іске қосылған аз уақыттан бергі алғашқы жұмыс нәтижесін жариялап үлгерді. Өндіріс орны 24 сағатта 200 тонна тұтынуға дайын қант шығарады. Бұл туралы Ақсу ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс пен аудан экономикасын алға бастырған кәсіпорында 500-ден аса адам еңбек етеді. Бүгінде зауыттың бүкіл құрылғысы мен қондырғылары еш кедергісіз жұмыс істеп тұр. Қарқынды жұмыс үстінде жүргендердің орташа жалақысы 75 мың теңгені құрайды.

Осы ретте айта кету керек, Елбасының биылғы халыққа арнаған Жолдауында ең төменгі жалақыны өсіру туралы тапсырма жүктелген еді. Тәтті түбірді өңдейтін кәсіпорын басшылығы бұл тапсырманы назардан тыс қалдырған жоқ. Зауыт директоры жүйелі жоспар құрып, келер жылдан бастап жұмысшылардың жалақысын 15-20 пайыз аралығында өсіруді қолға алып отыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"