Тариф негізсіз көтерілмеуі тиіс

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 871
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесі отырысында Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеген болатын. Осыған байланысты Үкімет тарифтерді төмендету және жалпы тариф жасау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша шараларды айқындады. Құрамына ҚР Энергетика, ҚР Ұлттық экономика министрліктерінің, Бас прокуратураның өкілдері енген жұмыс тобы құрылды. Мұндағы мақсат – түпкі тұтынушылар үшін тарифтерді төмендету. Кезекті өткен Үкімет отырысы осы мәселелерді талқылаудан басталды.

Қазір электр энергиясын өндірудің өзіндік құнын анықтау әдістемесі жасалып жатыр. Табиғи монополистер қаражатының мақсатты пайдаланылуына мемлекеттік бақылау және монополияға қарсы қызметті күшейту бойынша заңнамаға түзетулер әзірлеу басталды. Аталған министрліктерге 1 желтоқсанға қарай 1 қаңтардан бастап тарифтерді төмендетуге мүмкіндік беретін жүйелі шараларды әзірлеу міндеттері қойылды. Осыған байланысты отырыста тарифтерді қалыптастыру үрдісінің ашықтығын қамтамасыз ету, энергетика қызметтері нарығындағы бағаның қалыптасуына мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды күшейту, тарифтерді төмендету негізінде қажетті шешімдер қабылдау бойынша мәселелер қаралды. Осы ретте аталмыш министрліктердің хабарламалары тыңдалып, жұмыстары мақұлданды. 
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 1 қаңтардан бастап электр энергиясы мен жылуға ғана емес, сондай-ақ, су, газбен жабдықтау, кәріз, телефон байланысы және интернет қызметтеріне де тарифтерді төмендету және жергілікті әкімдіктер ПИК тарифтерін қайта қарау қажет екенін атап өтті. Осы ретте тарифтердің төмендеуі монополистер көрсететін қызметтің сапасын төмендетпеуі және олардың өндірістерінің уақытылы жаңғыртылып отыруы, құрылған жұмыс тобы осы бағыттарда қызмет атқарулары тиіс екендігі назарға алынды. Заңнамалық өзгерістер тұрғысынан тариф жобасын ұсынған кезде жұртшылық пен сарапшылар білдірген пікірлерді, оның ішінде, электронды түрде келіп түсетін пікірлерді ескеру қажет екендігі айтылды. 
Мәселені қарау қорытындысына сәйкес Үкімет басшысы бірқатар тапсырмалар жүктей отырып, тарифтерді еш себепсіз көтерген монополистер мен басқарушы компаниялар заң алдында жауап берулері тиіс екенін ескертті. 
Сонымен бірге жиында 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің орындалу барысы қаралды. Жиында мәлім болғандай, жалпы ішкі өсім елде 4,1 пайызды құраған. Жоғары инвестициялық белсенділік пен инфляцияның бәсеңдеуі және экономиканың базалық салаларындағы өндірістің ұлғаюы экономикалық өсімнің негізгі факторларына оң әсерін тигізген. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі де аз емес. Өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінде де тұрақты өсу байқалған. Құрылыс саласының қарқыны да ойдағыдай. Сыртқы сауда айналымы жақсарып, экспорт көлемі 28,2 пайызға ұлғайған. Еңбек нарығындағы жағдай да көңілге қонымды. Жыл басынан бері 414,5 мың адам жұмысқа орналасқан. Жалақы бірқалыпты көтеріліп, қаңтар-қыркүйекте орташа айлық жалақы 158,2 мың теңгеге жеткен.  Елде тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі де ұлғайған. 
ҚР Ауылшаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев ауылшаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 102,5 пайызды, оның ішінде өсімдік шаруашылығы 101,6 пайызды, мал шаруашылығы 103,9 пайызды құрағанын атап өтті. Елде астық жинау аяқталған. Мал басы өсіп, ет, сүт өндірісінің көлемі артқан. Тамақ өнімдерінің өндірісі де жоғарылаған.
ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қазан айындағы инфляцияның 0,4 пайызды құрағанын атап өтті, бұл күтілген болжамнан төмен. Заңды және жеке тұлғалардың депозиттері 0,8 пайызға өсіп, 17,6 трлн. теңгені құраған. «7–20–25» бағдарламасының іске асырылуы 7 банк арқылы орындалады. 8 қарашадағы жағдай бойынша, банктер 35 млрд. теңге сомасында несиеге берілген 2900 өтінімді мақұлдаған. Жақында «Баспана» компаниясының негізінде «Алдын ала біліктіліктер» жобасы іске қосылмақ. Бұл әрбір қазақстандыққа онлайн-режимде бағдарламаға қатысу үшін өз мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік бермек.
ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, бюджеттік кірістердің (трансферттерді есепке алмағанда) орындалуы жақсарған. Мемлекеттік бюджет кірістерінің өсуі 117,5 пайыз, республикалық 120,6 пайыз, жергілікті бюджеттер 110,4 пайызды құраған. Бюджеттің шығыстар бойынша атқарылуы жаман емес. Мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2 пайыз, республикалық бюджет 98,7 пайыз, жергілікті бюджеттер 98,3 пайызға орындалған. Республикалық бюджет шығыстары 7788 млрд. теңгені құраған. Ал 100 млрд. теңге атқарылмаған, бюджет қаражатын үнемдеу 13 млрд. теңге, 87 млрд. теңге игерілмеген.
Осыған байланысты Үкімет басшысы игерілмеген қаражаттарды алу және оларды республикалық бюджетке қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Бақытжан Әбдірұлы, сондай-ақ, халықтың нақты ақшалай табысының төменгі көрсеткіштерін атап өтті. Орын алған жағдайдың себептері мен жоспарланған шаралар туралы Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласының әкімі және Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов баяндады. 
Бұдан соң ҚР Премьер-Министрі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарға елдегі халық табысының төмен болуына байланысты бүгінгі жағдайға талдау жүргізуді тапсырды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА