ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ

Уақыты: 19.11.2018
Оқылды: 2574
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қаржылық сауаттылық қазіргі қоғам қажеттілігі. Миллиондарды төлей алмай, үйінен айырылып жатқан қаншама адам барын есептеудің өзі қиын. Бірақ осыған қарамастан несие алуды тоқтатқандар көрінбейді. Бүгінде кейбір банктер борышкерлерден тиісті қаражатты өндіре алмай дал. Банк талаптары да өзгерген. Несие машақаты мен қаржылық сауаттылық төңірегінде сөз қозғау үшін біз «Pro Gente» экономикалық зерттеу орталығының директоры, белгілі экономист Мақсат ХАЛЫҚ мырзамен жолығып, тілдескен едік.

– Бүгінде несие алып, артынан аңғармай қалған пайыздық мөлшерлемені көріп, опық жеп жүргендерді жиі кездестіреміз. Мұның себебі неде?
– Экономист ретінде айтарым тұтынушылық несиеге жоламаған абзал.  Айталық, сіз банктен несиені 56 пайызбен алдыңыз делік.  Үш немесе бес жылға алар болсаңыз, онда жыл сайын 56 пайыз үстіне қосылып отырады.  Қарапайым халықтың түсінбейтіні осы. Біз 56 пайызбен алып жатырмыз, неге бәленбайға өсіп кеткен деп ойлайды. Банктер 56 пайызды тек бір жылға бөледі. Қалған қарызыңызға тағы  жыл сайын 56 пайыз қосылып отырады. Кейбір банк қарыз берерде жұмысыңыздың жалақысын  өз банктерінен алу талаптарын қарастырады. Мысалы, «Халық банктегі» бюджет қызметкерлерін алайық. Ал кейбір банктер тек жеке куәлігіңіз бен алты ай шамасында зейнетақы қорынан ақша аударылғаны туралы анықтама ғана талап етеді. Сәйкесінше, екінші  талабы аздау банктің қосар пайызы жоғары болады. Бұлардан бөлек, несие алып отырғанда ұсталатын комиссия тағы бар. Ол жерге де аз ақша қоспайды. Негізінен Ұлттық банктің 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысына сәйкес, 11 комиссия түріне ғана рұқсат берілген. Тұтынушыға ең бірінші кеңес осы қаулымен толық танысып алып, несие шартында көрсетілген барлық комиссияларды салыстырып шығу керек. Тізімнен бөлек, комиссия қосылса, алып тастауды өтінесіз. Келісімшартты өзгертпесе, бірден несие рәсімдеуден бас тартыңыз.
– Халықтың көкейінде неге біздің елде несие пайыздары  жоғары деген сауал жүреді. Бұған сіз не деп жауап берер едіңіз?
– Ең негізгі себебі – біздің әлі дамушы мемлекеттердің қатарында болғандығымыз. Мұндай мемлекеттердің барлығында нарықтық экономика заңдары әлі қалыптаспаған және инфляция, яғни, бағаның құнсыздану деңгейі жоғары. Мысалы, біздегі бірқатар тауар бір жылдың ішінде күрт қымбаттап кетіп жатады. Ал Батыс елдерінде баға тұрақсыздығы барынша жойылған, баға орныққан.
Сондықтан, Ұлттық банк инфляцияның деңгейі – ақшаның құнсыздану дәрежесіне мән бере отырып, базалық пайыздық мөлшерлемені бекітеді. Базалық пайыздық мөлшерлеме деген сөз – Ұлттық банктің теңгені екінші деңгейлі банктерге бергендегі қосатын пайызы ғой. Сонда екінші деңгейлі банктер ақшаны Ұлттық банктен базалық пайызына қарап алады да, халыққа ұсынар ақшасын да одан төмендетпейді. Яғни, қазір бізде базалық пайыздық мөлшерлеме 9,25 пайыз, демек, екінші деңгейлі банктер өз тұтынушыларына осы 9,25 пайыздан төмен дәрежеде ақша ұсынбайды. Яғни, пайда табу үшін осы пайыздық мөлшерлемені олар бірнеше еселеп халыққа ұсынады. Қарап отырсаңыз, қазір үш адамның екеуінің мойнында несие бар. Ал әрбір несиесі бар үш адамның біреуі несиесін қайтармайтындар. Сонда банк төлемей кеткен жандардың есебін басқа қарыз алушыдан өндіруге тырысады. Кеткен шығынды осылай жабуға ұмтылады. Батыс елдерінде халықтың көбі қаржылық сауаттылыққа келгенде көздері ашық. Оларда несие алдың ба, төлеп құтыл деген берік түсінік бар. Сондықтан, ол жақта несиенің де пайыздары төмен.
– Дүниежүзілік сауда ұйымына кірумен бірге біздің елде шетелдік банктер әрекет ете бастады. Тұрғындар «Ислам банк» жайлы көбірек білгісі келеді әрі онда пайыз мөлшерлемесі жоқ деп жатады. Бұл шын ба?
– Қандай банк келсін біздің  елдің заңына бағынады. Ұлттық банктің бекітіп берген ережесі аясында ғана жұмыс істейді. Себебі, олар да Ұлттық банк бекіткен базалық пайыздық мөлшерлеме аясында жұмыс істейді. Бұл – қай банк болсын бәрібір пайыз тағайындайды деген сөз. Сондықтан да болар, Ислам банктерінің біздің елге дұрыс тартылмай отырғаны. Шетелдік банктердің келгені дұрыс, әрине, ол бірінші кезекте отандық банктердің қызмет ету сапасын арттыруға үлес қосады. Шетелдік банктердің корпоративтік этикасы жоғары және технологиялық жағынан да жақсырақ болып келеді. Бұл біздің елде жаңа әлемдік стандарттарды енгізуге септігін тигізеді.
– Техника бұйымдарын банк арқылы алғанда алдыңғы жылдары бөліп төлеп жүрген едік. Бүгінде тауарға да несие қосылатын болыпты. Бұл қалай?
– Ұлттық валютаға қуат беріп, құнын арттыру үшін Ұлттық банк базалық пайызды 2015 жылдың қазанында бірден 16 пайызға көтерген еді. Тіпті, 2016 жылдың ақпанында 17 пайызға дейін көтерген. Базалық пайыз неғұрлым жоғары болған сайын соғұрлым төл валюта құнының жоғары болуына септігін тигізеді. Сонымен бірге, елдегі депозиттің және несиенің де пайыздарының көтерілуіне әсер етеді.
Ұлттық банк нәтижесінде теңгелік депозиттердің артуына қол жеткізді. Екінші жағынан несие пайыздарының жоғарылауына жол ашты. Өздері 17 пайызбен теңгені алған банктер техникалық тауарды бөлшектеп төлеуді, ипотекалық несие беруді тоқтатты. Ипотекалық несиені санаулы банктер ғана беріп келді. Техниканы бөліп төлеткізетін банктер де тауарлық несие беретін болды. Бірақ өткен жылдан бері қайта бөліп төлеуді қолға алды. Ипотекалық несие де беріле бастады. Себебі базалық пайыз 9,25 пайызға дейін төмендетілді, сол себепті несиенің де, депозиттің де пайыздары түсіп келеді.
– Ипотека демекші, «7-20-25» бағдарламасы бірге бір қосып отыр деген ауызекі сындарды жиі естіп жатырмыз. Бұл бағдарлама қаншалықты тиімді?
– Бұл бағдарлама бойынша баспанаға қол жеткізудің жолдары салыстырмалы түрде жеңілдеді. Тиімді тұстары да көп. Алайда Елбасы «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырғанымен, 7 пайызбен банктер несие беруге дайын емес еді. Себебі, өздері 9 пайызбен несие алып отырғанда, қалай       7 пайызға береді?! Сондықтан банктердің шығынын жауып тұру үшін Ұлттық банк “Баспана” ипотекалық компаниясын құрды.
Ал Еуропа мемлекеттерінде базалық пайыздық мөлшерлеме 0,5 пайыз ғана. Сондықтан, олар да екінші деңгейлі банктердің 2, 3 пайызбен несие беруге мүмкіндіктері бар. Ал бізде кейбір қаржы мекемелері 7 пайызбен береміз деп жарнама жасағанымен, шын мәнінде жоғары пайызды ұстап отыр. Ол жай ғана атап көрсететін, атаулы пайыздық мөлшерлеме. Кейде баннердің астында “жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме 27 пайыздан басталады” деп жазылып тұратынын байқамай қаламыз. Кішкентай, майда жазумен тұрғандықтан, оны көп адамдар оқи бермейді. Ал жылдық тиімді пайыздық мөлшерлеме дегенді қысқартылған әріптермен жазып қояды. Ал бірге бірді қосады деген сөзге келсек, неғұрлым сіз жылды созған сайын соғұрлым пайыздар қосылып отырады. Сондықтан, аз жылға келісім жасап, көптен құйсаңыз ұтасыз. Немесе бірнеше айдан кейін толық жауып тастасаңыз, тіптен тамаша. Бірақ кей банктер бұл талабыңызға көнбеуі мүмкін. Өйткені, олар несие беру арқылы жұмыс жасап отыр, оларға көп жылға созып, өз пайыздарын жоғарылатқан тиімді. Сондықтан, банк алдындағы берешегіңізді тек 1 жылдан кейін ғана немесе 6 айдан соң толық жаба аласыз деген талап қояды. Осыны  да біліп алған дұрыс.
– Халық арасында банк осы күнге дейін заңсыз комиссия қосыпты, енді сол ақшаны шешіп алуға болады екен деген алып- қашпа сөз шығып кетті. Осыған тоқтала кетсеңіз.
– Ол тек 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін рәсімделген несиелер. Кейбір банктер келісімшартқа кредитке қызмет көрсеткені үшін комиссия деп жазады. Бүгінде Ұлттық банк кредитке қызмет еткені үшін  комиссия ұстауға рұқсат еткен тізімде тұр. Яғни, халықтың айтып жүргені осы.  Тіпті, сіз жауып тастаған несиеңіз болса да, 3 жыл өтпесе болды. Қолыңыздағы келісімшартты пайдаланып, артық төлеген қаражатыңызды қайтарып аласыз. Егер келісімшартты жоғалтып алсаңыз, банк бөлімшесінен дубликатын жасатып алуға болады.
Бірінші сотқа шағымданбастан  бұрын банктің өзіне шағым хат жазу керек. Әрине көп жағдайда банктер бас тартады. Сондай-ақ, Ұлттық банкке осындай коммерциялық банк заңсыз комиссия алды деп өтінім жазыңыз. Болмаса банк орналасқан жергілікті сотқа шағымданасыз. Сот шешімін шамамен бір-екі ай күтесіз. Банк сіздің артық төлеген қаражатыңызды қайтарып берумен қатар, сот шығындарын да төлейді.
– Жарнамасынан көз сүрінетін шағын несиелік ұйымдар,  онлайн несие дегендер көбейіп кетті. Бұған не дейсіз?
– Онлайн түрде үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы бүкіл құжаттарыңызды көрсете отырып, несие алу әрине тиімді. Бірақ сол банкке шығындаған уақытыңыздан екі есе ақшаны шығарып алатынын ескеруіміз керек. 
– Қалай сонда?
– Онлайн несиелер, шағын несиелік ұйымдар күніне екі пайыздан қосып отырады. Он күнде жиырма пайыз, бір айда алпыс пайыз болып тұр. Он айда алты жүз пайыз, егер сіз банктен миллион теңге алған болсаңыз бір жылдан кейін 56 пайызбен алған күннің өзінде үстіне 560 мың қосып жабасыз несиені. Ал мына жақта оларға күштеп тұрған 56 пайызбен деген заң жоқ. Қаншама адамдар уақытында қайтармаған соң, бір жылдың ішінде алған 100 мың теңгелері      1 миллион теңге болып кетіп, зар қағып жүргендер көп. Осы шағын несие беретін мекемелердің жұмысын реттеуге  арналаған заң жобасы шығады деп күтіліп жатыр. Бірақ әлі шыққан жоқ. Сәйкесінше, жеке компания болғандықтан Ұлттық банк қадағалап отырған жоқ. Ең сорақысы қарапайым халық немесе әлі қаржылық сауаттылықтан хабары жоқ жастар осы бір қаржылық торға түсіп қалуда. Бұл мекемелердің жұмысын тездетіп реттемесек, ашынған адамдар көбейіп кетуі мүмкін.
– Жеке құжаттарын жоғалтып алған адамдардың атынан басқа біреулердің онлайн несие алуы қаншалықты шындыққа жанасымды?
– Дұрыс айтасыз. Бұл мүмкін. Егер құжаттарын көрсеткен болса. Камера арқылы тексеріп аламыз дегенмен адам адамға ұқсай беретінін ескеруіміз керек. Мұндай жағдайлар да болған. Құжат жоғалған сәттен бастап, жоғалғаны туралы анықтама алып қоясыз. Ертең сіздің атыңыздан да біреу несие рәсімдеп алса жаңағы құжат сізге таптырмайтын дәлел. Ол қағазбен сіз несиені рәсімдеген корпорацияны жеңіп шыға аласыз.
– «Қара тізімге» іліккен жандар қалай тізімнен шықса болады? Қандай жолдары бар?
– Әрине, «қара тізімге» бір іліксе, бұл дегеніміз жинақталған база болғандықтан, шығу оңай емес. Ол үшін, мысалы, жай несиелер алып көру керек. База бес жылда жаңартылып тұрады. Аз уақытқа арналған қысқа тауарлық несиелер алу керек, уақытында жауып, несиелердің тарихын түзеуге болады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Аида ҚОЖМАМБЕТОВА