КӘСІПКЕРДІҢ ЖЕКЕ КАБИНЕТІ

Уақыты: 19.11.2018
Оқылды: 999
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Қараша айынан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкердің жеке кабинеті» атты интернет-порталды іске қосты. Бұл жүйеге cabinet.atameken.kz сілтемесі арқылы қол жеткізуге болады. Порталда кез келген кәсіпкердің өзіне қажет мәліметті алуға мүмкіндігі бар. Онда бизнеске арналған ең керекті және пайдалы қызмет түрлері тегін ұсынылады.

 

   Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
– Бүгінге дейін «Жеке кабинет» қызметін 300-ге жуық кәсіпкер пайдаланды. Бұл қызметке жүгінушілер қатары күн санап өсіп келеді. Олардан түскен ұсыныс-пікірлерді таразылап, орынды ұсыныстарға қолдау білдіреміз. Біздің міндетіміз – отандық кәсіпкерлікті қолдау және көмек көрсету. Айта кетейін, cabinet.atameken.kz сайтына тіркелген кез келген кәсіпкердің тиісті ақпарат пен қызмет түрін тұрақты қолдануға мүмкіндігі бар. Қазіргі кезде бірнеше сервис енгізіліп, іске қосылды, – деді Ерлан Датқаев.
«Кәсіпкердің жеке кабинеті» сервисі арқылы бірнеше қызмет түріне қол жеткізуге болады. Біріншісі: «Бизнесті құтқару қызметі» деп аталады. Онда шағын бизнес туралы жедел кеңес алумен бірге мәселені реттеу үшін белгіленген нысанға мобильді топты шақыра алады. Жеке кабинет арқылы кәсіпкерлер «Құжаттар конструкторынан» құжаттар үлгісімен танысып, жұмыс барысында қолданады. Бүгінгі таңда заң тілінде сауатты жазылған 100 құжат үлгісі әзірленіп, тегін жүктеуге мүмкіндік туып отыр. 
   «Адалдықты тексеру» сервисі арқылы кәсіпкерлер өзінің серіктесін 40 түрлі көрсеткіш бойынша тексере алады. Мұның ішінде салық қарызы, әкімшілік және қылмыстық айыппұлдары, мемлекеттік сатып алу бойынша лицензиясының және тағы басқа құжаттарының бар-жоқтығы сияқты бағыттар бар. Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП банкроттық немесе кәсіпкерлік субъектісін жабу (тарату) үрдістерінен өтіп жатқан кәсіпкерлер туралы да ақпаратты орналастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
– «Кәсіпкерлік бастамалар» қызметі арқылы кәсіпкерлер бизнес ахуалды жақсарту бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, оны кең талқылауға және дауыс беруге шығара алады. «Атамекен» өз тарапынан бұл бастамаларды өкілетті органдардың назарына ұсынады,– деді спикер.
   «Кәсіпкердің жеке кабинетіндегі» маңызды қызметтердің бірі «Digital-кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» қосымшасы. Сервис бойынша кәсіпкерге 61 қызмет тегін көрсетіледі. Мәселен, бухгалтерлік және есеп, ақпараттық технологиялар, құқықтық, кедендік рәсімдеу, қолдау шаралары бойынша ақпарат, кәсіпкерлердің өтініштерін сүйемелдеу, маркетинг, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, мемлекеттік сатып алу, тағы басқалары. Сонымен бірге, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға, бизнес-жоспар мен сайт әзірлеуге өтініш беруге мүмкіндік бар. Басты ерекшелік – қызметтің бәрін онлайн режимде алуға болады. 
Тамыз айынан бері 700-ден астам кәсіпкер «Digital КҚКО» сервисі арқылы онлайн режимде қызмет түрін пайдаланған. «Кәсіпкердің жеке кабинетіндегі» сервистер желісіне алдағы уақытта «Сатып алудың бірыңғай терезесі» мен «Несие агрегаторы», «онлайн-касса» сияқты қызмет түрі енгізілетін болады. 
   Ғаламторға қосылуға мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы ашылған. Кәсіпкер үшін қандай да бір сұрақ немесе қиындық туындаған жағдайда менеджер-кеңесшілер көмектеседі.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА.