ӨРКЕНДІ ІСТЕР ӨРІСТЕЙДІ

Уақыты: 19.11.2018
Оқылды: 1208
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Аудандық Мәдениет үйінде инвестициялық форум өтті. Онда Кеген ауданының әкімі Талғат БайедІлов сөз сөйлеп, соңғы жылдары «МПС» ЖШС-нің Бөлексаз ауылдық округі аумағынан 3 мың бас ірі қара бордақылайтын алаңды іске қосып отырғанын әңгімеледі. Биыл мал бордақылау алаңына қосымша 1 мың бас ірі қара сатып алып, 840 миллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Олар өткен жылы 840 тонна сапалы ет өндірді. 

 

   Сонымен бірге «Тұздыбастау» ЖШС-і тағамдық тұз өндіру мақсатында «Шөл-Адыр» жобасын іске асыруда. Бұл жоба жүзеге асырылса елу шақты адам жұмыспен қамтылмақ. Өңірде өндірілген ас тұзы Ресей, Қырғызстан және Қытайға экспортталады деп күтілуде. 
   Форум жұмысына қатысып отырған «AIcor Energy» ЖШС-і басшылыры 2019 – 2020 жылдары Кеген ауылынан қуаттылығы 10 мегават жел электр стансысын салуды жоспарлап отыр. Бұл игілікті жобаға 3 миллиард 300 миллион теңге инвестиция тартылады деп жоспарлануда. Ал «Park Canyon» ЖШС-і Шарын өзені бойынан ойын-сауық паркін салмақшы. Аталған нысанға 500 миллион теңге инвестиция тартылмақ. Атап айтқанда, Шарын өзені бойынан қырық адамға арналған қонақүй салынады. Ұзындығы 600 метр болатын үш аспалы көпір жасалады. Ойын-сауық паркінде жыл сайын 7-8 мың адамға қызмет көрсетіледі деген болжам бар.
   Инвестициялық форумда, сондай-ақ, «Алматы облысының өңірлік даму орталығы» ЖШС-і өкілі Алмаз Өмірбеков, «Park Canyon» ЖШС-і жетекшісі Жандос Нұрбеков, «Zhetysu Koy» ЖШС-і жетекшісі Олег Плотников, «Аннар» ЖШС-і өкілі Шыңғыс Молдахметов, «International Company Altynkol Invest» ЖШС-і өкілі Думан Тұрсынбай, «Алматы облысының өңірлік даму орталығы» ЖШС-інің өкілі Әлішер Серікұлы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілі Жақсылық Тынышбаев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілі Әсел Атамқұлова, тағы басқалары сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Жоғарыда аталған Шарын өзенінен салынатын ойын-сауық паркі, Кеген ауылынан салынатын жел электр стансысы мен күн энергиясы жөніндегі жобалар бойынша аудан әкімімен бірлескен меморандумға қол қойылды. 
   Аудан әкімі форум жұмысын қорытындылап, алдағы жылдары аудан аумағынан іргелі жобаларды іске асыру бағытында жұмыстар жүргізіп, қомақты мөлшерде инвестиция тартуды жоспарлап отырған серіктестік басшыларына тұрғындар атынан алғыс айтып, жұмыстарына жеміс тіледі. Форумға қатысушылар, сондай-ақ, көрмедегі жобалармен танысып, арнайы ұйымдастырылған бейнеқойылымды да тамашалады.

Қанат БІРЖАНСАЛ.