ЗЕЙНЕТАҚЫ ЕСЕПШОТЫН АШУ ЖЕҢІЛДЕДІ

Уақыты: 14.01.2019
Оқылды: 1094
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   БЖЗҚ салымшылары үшін 2019 жыл жағымды жаңалықтармен бастау алды. Жеке тұлға зейнетақы шотын ашуы үшін БЖЗҚ кеңселеріне, веб-сайтқа жүгінбейді. Бұдан былай салымшы тарапынан алғашқы жарна келіп түскен уақытта зейнетақы шоты қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылады. 

 

   Осыған орай 2018 жылы 27 желтоқсанда ҚР халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар зейнетақы төлем жүйесін оңтайландыруға бағытталған. 
   Бұл ретте жеке тұлға туралы ақпараттар міндетті зейнетақы жарнасын аудару кезінде электрондық форматта көрсетілген дербес деректер (тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні) бойынша сәйкестендіріледі. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелеріне қатысты қажетті мәліметтерді қор мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады. 
   Айта кетерлігі, бұған дейін жеке тұлға міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу (ЖЗШ) үшін шот ашу жөнінде тиісті өтінішті рәсімдеуге міндетті болған еді. Енді рәсімдеудің автоматтандырылуына байланысты салымшы өтініш жазбайды. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ЖЗШ ашу тәртібі өзгеріссіз қалды.
   Сонымен қатар, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар болса, ерікті зейнетақы жарналарын (өз пайдасына) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын БЖЗҚ сайтында онлайн тәртібінде ашуға болады. Бұл – салымшылар мен алушылар үшін өте ыңғайлы.  
  Еске салсақ, БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылған. Оның құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. 
   БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілген. Зейнетақы заңнамасына сәйкес, БЖЗҚ міндетті, міндетті кәсіптік, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды және зейнетақы төлемдерін, жинақтарын жеке есепке алуды жүзеге асырады. Сондай-ақ, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді. Толық ақпаратты www.enpf.kz сайтынан оқи аласыздар. 

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығы