ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ

Уақыты: 14.01.2019
Оқылды: 945
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов аудан, қала әкімдері мен өңірімізде құрылыс жұмысымен айналысып жүрген мердігер компаниялар және жобалаушы мекемелердің өкілдерімен жиын өткізді. Жиын барысында биыл жаңадан бой көтеретін, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін білім беру нысандарының жағдайы қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

 

   Жиналыста сөз алған Лаззат Махатұлы алдымен өңіріміздегі білім беру саласындағы жетістіктер мен келеңсіздіктерге тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірімізде білім беру саласына ерекше көңіл аударылуда. Әсіресе, аймақтағы үш, екіауысымды мектептерді азайту үшін көптеген жұмыс атқарылды. Елбасы тапсырмасымен қолға алынып, бүгінде пайдалануға берілген мектептердің жұрт қуанышына айналғанын жеткізді. Сондай-ақ, орта білім беру мекемелері мен өңірдегі жоғары оқу орны студенттерін жатақханамен қамту мәселесінің, балабақша, спорттық нысандарды қайта жарақтандыру бағытындағы жобалардың да сәтті жүзеге асырылып жатқанын баяндады. 
   Десе де, бұл салада «әттеген-ай» дегізетін жағдайлар да аз емес. Бұл биыл жаңадан салынатын, күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілетін білім беру нысандары тиесілі. Кемшіліктің бірі мердігер компаниялар жағынан болса, енді бірі жобалық-сметалық құжаттарын дер кезінде даярламаған жобалаушы мекемелер тарапынан туындап отыр. Тіпті, өңірдегі бірнеше білім беру нысанын жобалау жұмысын ұтып алған кейбір мекемелер жұмысты толық атқаруға дәрмені жетпей, тапсырыс беруші, мердігер, жобалаушы мекеме арасында сотқа дейін жеткен істер де орын алған. Әрине, мұндай келеңсіздік жұмыстың дер кезінде аяқталмауына апарып соқтырып, жұрттың сеніміне  селкеу түсіретіні анық. Сонымен қатар, тиісті мекемелер арасындағы түсініспеушіліктерді де көбейте түсетіні анық.
   Осы және басқа да олқылықтардың себебін жауапты мекемелер басшыларынан сұрап шыққан Лаззат Махатұлы оны түзетуге қосымша уақыт берді. Оның орындалу барысын алдағы уақытта талқылайтын болып келісті. Кемшілігін дер кезінде түзетпеген мекемелерге қатаң шара қолданылатынын жеткізді.

Қажет АНДАС.