ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 13.02.2019
Оқылды: 1023
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Облыс әкімі  Амандық БАТАЛОВ Қарасай ауданына арнайы ат басын тіреп, атқарылып жатқан ірі жобалардың жұмысымен танысты. Аймақ басшысымен бірге Қарасай ауданының әкімі Жандарбек      Далабаев пен өзге де жауапты тұлғалар болды. 

 

Алматы қаласының батысына қарай орналасқан Қарасай және Жамбыл аудандарының тұрғындары мен оңтүстік өлкеге сапарлайтын жолаушыларды көптен мазалап жүрген мәселенің бірі – «Алтын Орда» мен «Барлық» базарлары ортасымен өтетін республикалық деңгейдегі күре жол. Алматы қаласына қатынап жұмыс істейтін жұртшылық кептелістің кесірінен жол азабын тартып келеді. Тұрғындарға жайсыздық тудыратын бұл мәселе Амандық Ғаббасұлының тікелей араласуымен оң шешімін тапқан еді. Осылайша былтыр жолды кеңейтуге қатысты ірі жоба жасалып, құрылыс жұмыстары басталған. 

Алдымен Алматы – Бішкек тас жолының қаладан шыға берістегі құрылыс жүріп жатқан аймағына келген Амандық Ғаббасұлы мұнда жүріп жатқан жұмыстарды көрді. Жалпы құрылыстың қарқыны ойдағыдай болғанымен уақытылы пайдалануға беру үшін әлі де екпін қосу қажеттігін айтты. Жолды кеңейту кезінде бұзылуы тиіс нысандардың құнын төлеп, алу мәселесі де түбегейлі шешімін таппай келеді. Жекелеген жанармай құю бекеттерінің иелері өз құнынан әлдеқайда көп қаражат талап етеді. Осы және өзге де мәселені қозғаған облыс басшысы кездескен кедергілерді заңдық тұрғыда әрі шұғыл шешу қажеттігін баса айтты. 
Амандық Ғаббасұлы Шамалған ауылында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты.  Бүгінде кешен ғимаратының сыртқы жұмысы аяқталып, іші әрленуде. Кез келген нысанның сапалы салынуымен қатар көрер көзге көрікті болуына ерекше назар аударатын облыс басшысы ғимараттың қандай материалмен салынатынын және еден мен ойын алаңына, жүгіретін жолақтарға не төсеу керектігін, көрерменге арналған сәкілер мен көпшілік демалатын орындардың қандай болу қажеттігін, тіпті керегелер мен колонналардың қандай түске боялу керектігіне дейін айтып, жобаның кейбір тұстарына сол жерде өзгеріс енгізді. 

Халықаралық талапқа сай салынып жатқан бұл спорт кешенінде алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі түрлі жарыстар өткізілетін болады. Сол себепті ол барлық талапқа сай болуы тиіс. Ғимаратты тұтас аралаған Амандық Ғаббасұлы құрылысшыларға сол талап үдесінен шығуды тапсырды. 

Қарасай ауданындағы ірі жобалардың бірі денешынықтыру-сауықтыру кешені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Райымбек ауылдық округінде қолға алынған болатын. Бұл жерде болашақта бір мезгілде 180 адам жаттыға алатын спорт кешенінің  ғимараты, жасанды шөп төселінген футбол, баскетбол, волейбол және дене шынықтыру құралдары орнатылған алаңдар, автокөлік қоятын арнайы орын,  көгілдір отынмен жұмыс істейтін жылу қазандығы, өртке қарсы су сақтайтын резервуар мен насос стансысы салынады. Пайдалануға берілгеннен кейін бұл кешенде футбол, волейбол, баскетбол, бокс, күрес секциялары жұмыс істеп, тұрғындарға фитнес залы қызмет көрсетеді. 

Сапар соңында Амандық Ғаббасұлы құрылысшыларға кеңес бере отырып, халық игілігі үшін  жасалып жатқан жұмысты сапалы атқару жөнінде тапсырма жүктеді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.