АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ЕГІСТІК АЛҚАПТАРЫНДА ҚЫЗУ ТІРЛІК БАСТАЛДЫ

Уақыты: 22.04.2020
Оқылды: 1095
Бөлім: ЭКОНОМИКА

КӨКТЕМ айы бірде жылы болса, бірде қара суығымен ерекшеленеді. Табиғат ананың қайта түлейтін осы бір шағында ауыл еңбеккерлері үшін егіс науқанын аз уақытта сапалы атқару маңызды. «Көктемнің бір күні жылға азық» дегенді мықтап есте ұстаған шаруалар бұл кезде жыл бойғы азық-түліктің қамын жасауға белсене кіріседі. Соған орай күн жылынып, жер қарайған шақта дала төсі дүбірге бөленіп, жұмыс қарқыны үдей түседі.

КЕРБҰЛАҚ ауданында да қызу жұмыс басталды. Биыл күреңбелдіктер барлығы 112 910 гектар егістік жерді игеруді жоспарлаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 800 гектарға артық. Оның 26 085 гектарына күздік бидай себіліп, бүгінгі күнге толық тырмаланды. Одан бөлек, 67 297 гектарға жаздық дәнді дақылдар, 2 640 гектар алқапқа картоп, 267 гектарға қант қызылшасын себу көзделген. Бұл өндіріс көлемі былтырғыға қарағанда төрт мың гектарға артығымен орындалады деген сөз. Қазіргі таңда ауданда жаздық дәнді дақылдарды себу жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге 10 100 гектар алқапқа жаздық дәнді дақылдардың тұқымы себілді.

Аудан бойынша жаздық дәнді дақылдар егуге 10 200 тонна тұқым толық дайын. Оның 5 120 тоннасы Текелі сыра ашытқы зауытынан, қалған 5 080 тонна тұқым Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтымен бірлесе жұмыс атқарып отырған «Қызылшоқы», «Алатау Дейри» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Шоқан», «Қарашоқы», «Қызылжар» өндірістік кооперативтері мен «Байғазы» шаруа қожалығынан алынады.

Биыл егістік алқаптарына қажетті минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерге сұраныстар мен  өтінімдер берілуде. Аудандағы шаруашылық құрылымдарын тұқым дәрілейтін улы химикаттармен, пестицидтермен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Өңірдегі ауылшаруашылығы құрылымдары техникамен толық қамтамасыз етілген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 1 200 трактор, 572 трактор тіркемесі, 416 тұқым сепкіш, 1893 қопсытқыш, 580 тырма және 567 соқа қатысады.

Ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне дала жұмыстарын жүргізуге 2 500 тонна жанармай бөлінді. Шаруа қожалықтарына қажет жанар-жағармай 165 теңгеден таратылуда. Қазіргі уақытта ауылшаруашылығы техникасын қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ететін үш сауда орны жұмыс істейді. Оның екеуі Сары- өзек ауылында, біреуі Қоғалы ауылдық округінде орналасқан.

Ауылдық округтердегі шаруашылық құрылымдарында техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауылшар­уашылығы техникасын жөндеу кезінде техника қауіпсіздігін сақтау үшін арнайы журналдар жүргізу және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау талаптары қойылған.

Ауданда мал төлдету науқаны да қызу атқарылып жатыр. Шаруа қожалықтарындағы 7601 бас сиырдан бүгінгі күнге дейін 5020 бас бұзау, 40 мың 778 бас саулықтан 14390 қозы алынды. Қой төлдету сәуір айының соңына, ал сиыр төлдету маусым айының соңына дейін жалғаспақ. Шаруа қожалықтарының бәрінде жемшөп қоры жеткілікті.

КӨКСУ ауданында да көктемгі дала жұмыстары қарқын алды. Аталған өңірде барлығы 31710 гектар жерде егіс жұмыстары жүргізіледі деп көзделіп отыр. Бүгінгі күнге дейін үш мың гектардан аса алқапқа көпжылдық шөп себілді. Екі мың гектардан аса алқапқа күздік дәнді дақылдардың тұқымы түсіп, жеті мың гектардан астам алқапта сүдігер тырмаланды. Жыртылған жер көлемі 11 мың гектардан асты. Жоспарға сәйкес жаздық дақылдарға арналған алқап көлемі 17125 гектарды құраса, мал азығы дақылдары 5318 гектар жерге себілмек.

Ал қант қызылшасының тұқымы 2467 гектар жерге егіледі. «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы арқылы 131 шаруа қожалығына қант қызылшасының 1779 себу бірлігіне сұраныс берілді.

Шаруашылықтардың қолында 30 766 бірлік шетелдік селекцияның тұқымы бар. Басқа да жеткізушілерге 661 бірлікке өтінім берілген. Ағымдағы жылғы себу науқанына шаруашылықтар жаздық дәнді дақылдардың тұқымымен толық қамтылған. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жанар-жағармай арзандатылған бағамен 178 теңгеден бөлінді. Ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің сұранысы бойынша «Қарамай Продакст» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы наурыз айына 110 тонна дизель отынына сұраныс берілген болатын.

Бүгінгі күнге 30 тоннасы алынды. Қолда бар жанар-жағармай - 477 тонна. Дала жұмыстарын жүргізуге қажетті ауылшаруашылығы техникасы да жүз пайызға дайын. Олардың ішінде трактор, соқа, қант қызылшасының сепкіші, қопсытқыштар, тырмалар, басқа да сепкіштер мен техника бар.

Ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне  «ҚазАзот», «ҚазФосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері арқылы 350 тонна арзандатылған отандық селитра мен 150 тонна аммофос өнімі берілді. Субсидиялау бағыттарының электрондық жүйеге ауысуына байланысты мемлекеттік жер кадастрының деректеріне сәйкес ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің ауылшаруашылығы мақсатына арналған егістік жерлерінің барлық алқабы бойынша электрондық картасын қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мемлекеттік жер кадастрының деректеріне сәйкес шаруашылық субъектілерінің ауылшаруашылығы мақсатына арналған барлық жайылым жерлерінің электрондық картасын қалыптастыру бойынша бүгінгі күнге 300 шаруашылық тіркелген. Оның ішінде 315 шаруашылықтың 334 844 гектар жайылымдық жері, 66 шар­уа қожалығының 2806 гектар шабындық жері, 58,55 гектар көпжылдық екпелер енгізілді. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Кербұлақ, Көксу аудандары

Алматы облысы