"138 СҰРАҚ ҚОЙЫЛДЫ": АЛАКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРГЕ ШЫҚТЫ

Уақыты: 22.04.2020
Оқылды: 1298
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Еліміздегі төтенше жағдайға және облыс аумағындағы карантин режиміне байланысты барлық ресми іс-шаралар мен қоғамдық қабылдауға тыйым салынған. Осы орайда Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев өзінің жеке @alibek_zhakanbaev "Инстаграм" парақшасында сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін тұрғындарға тікелей эфирде қабылдау жүргізді.

Тікелей эфир барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Екі сағатқа созылған тікелей эфирде барлығы 138 сұрақ қойылды. Олардың ішінде ауызсу, жылу, жарық бойынша 32, тұрғын үй және кезекке тұру мәселелері бойынша 22, жер мәселесі 5, әлеуметтік көмек бойынша 7, карантин режимі бойынша 19, банк қызметтері 5, білім беру және денсаулық сақтау саласы бойынша 7, азық-түлік бағасы бойынша 10, жөндеу жұмыстарын жасау, құрылыс бойынша 8, қаладағы маршрут бойынша 2 және өзге де мәселер бойынша 21 сұрақ қойылды.

Алакөл ауданы әкімі барлық сұрақтарға толықтай жауап беріп, тиісті бөлім басшыларына, округ әкімдеріне берілген тапсырмаларды орындауды жүктеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта тағы да жалғасатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"