"БАНККЕ БАРМАЙСЫЗ": КАРТ-ШОТТЫ ҮЙДЕН ОНЛАЙН АШУДЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

Уақыты: 23.04.2020
Оқылды: 882
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты барлық салада өзгеріс орын алды. Жекелеген санаттағы азаматтарға материалдық көмек көрсету мақсатында 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер төлену үстінде. Одан бөлек, «Birgemiz» қоры еліміздің ең мұқтаж азаматтарына 50 мың теңгеден бөлуде. Аталған қаражат аударылатын жеке карта мен есепшот талап етіледі. Осы орайда карт-шотты онлайн түрде ашу жолдары бар екенін еске саламыз.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі екінші деңгейдегі банктер мен банк филиалдарына бармай-ақ төлем карталарын қашықтықтан алу алгоритмін жасады. Осылайша, әлеуметтік төлемдер алуға арналған банктік карталар қашықтан және ақысыз беріледі. Бүгінгі таңда 14 қаржы институты бұл қызметті қашықтан ұсынады.

Карт-шотты онлайн ашу үшін банктің мобильдік қосымшасына не болмаса сайтына кіру қажет. Егер қосымша болмаса жүктеп, орнатып, тіркелу қажет. Тіркелгеннен кейін қашықтықтан сәйкестендіруден өтесіз. Аталған алгоритмді орындау барысында сізден телефон нөміріңізді және ЖСН енгізуді сұрайды.

Ары қарай кей банк жеке куәліктің сканерленген нұсқасын сұратуы мүмкін. Барлығын орындап болғаннан кейін картаның ашылғанын растау үшін SMS кодын енгізесіз. Клиент бірнеше минут ішінде шот нөмірі бар SMS алады. Кейбір екінші деңгейдегі банктер, сондай-ақ, картаны жеткізу бойынша да қызмет көрсетеді. Орта есеппен картаңыз 1-3 жұмыс күн ішінде жеткізіледі. Міне, осындай бірнеше қадамды орындау арқылы онлайн түрде есепшот аша аласыз.

Ол үшін:

- мобильдік қосымшада (егер болмаса, жүктеу және орнату), не екінші деңгейлі банктің сайтында шот ашу;

- тіркелу және қашықтан сәйкестендіруден өту;

- мобильді телефон нөмірін және ЖСН енгізу;

- жеке куәлікті сканерлеу (сұратқан жағдайда);

- картаның ашылғанын растау үшін SMS кодын енгізу қажет.

Клиент бірнеше минут ішінде шот нөмірі бар SMS алады. Сонымен бірге, клиенттер үшін онлайн сервистердің басқа да қызметтері қолжетімді болады, олар коммуналдық төлемдерді, байланыс қызметтерін төлеу, салым ашу, салықтық төлемдерді жүргізу, POS/SMART терминалдар бойынша үзінді-көшірме алу. Барлық операциялар комиссияларсыз жүзеге асырылады.

«Қазақстанның Халық банкі» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «ForteBank» АҚ және «Сбербанк» АҚ сынды екінші деңгейлі банктерінен төлем картасын пайдаланбай-ақ қолма-қол ақша алуға болады. Азаматтардың банк шоттарына банктердің әлеуметтік және қайырымдылық төлемдерді есептеуі кезінде агенттік банк комиссияларын алуға тыйым салынды. Сонымен бірге, клиенттер үшін онлайн сервистердің басқа да қызметтері қолжетімді болады.

Олар коммуналдық төлемдерді, байланыс қызметтерін төлеу, салым ашу, салықтық және кедендік төлемдерді жүргізу, жалақы аудару, ақша қаражатының жіберілу жолын қадағалау, POS/SMART терминалдар бойынша үзінді-көшірме алу сынды барлық операциялар комиссиясыз жүзеге асырылады.

Кеңес алу үшін немесе сіздің құқықтарыңыз бен мүдделеріңіз бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Талдықорған қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасына +7(7282)55-95-05 телефоны арқылы хабарласуларыңызға болады. Дүйсенбі-жұма күндері 9:00-ден 17:00-ге дейін мазалаған сұрақтарыңызға жауап ала аласыз. Ал, сенбі-жексенбі күндері демалыс.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі Талдықорған қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы

Сурет ғаламтордан алынды