"КҮЗДЕ БЕРІЛІП ҚАЛАР": ҮШТӨБЕ ҚАЛАСЫНДА ШАҒЫНАУДАН САЛЫНЫП ЖАТЫР

Уақыты: 25.04.2020
Оқылды: 1143
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында жаңа бір шағынаудан бой көтереді. Теміржолдың арғы бетінде, бұрынғы киіз үй зауытына қарсы өңірде жаңа «Көкдала» шағынауданы салынып жатыр.

Жоба бойынша бұл жерде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 20 жеке жалгерлік үйдің құрылысы қарқынды жүруде. Осылайша қала айшығына айшық қосатын жаңа шағынаудан санаулы айдан кейін қоныстанушыларын қуантпақ.

Мердігер «Қолғанат-құрылыс» ЖШС қолға алған құрылыс жұмысы кедергісіз атқарылуда. Дәл қазіргі таңда үйлердің қабырғасы көтеріліп, кірпіші өріле бастаған. Жалпы құны 281 млн.теңгені құрайтын 20 жеке жалгерлік үй мұндай қарқынмен қара күзге дейін беріліп қалады деген ой түйдік.

Құрылысқа 56 адам жұмылдырылған. Барлық жұмысшы жергілікті тұрғындар қатарынан тартылған. Жалпы үйдің көлемі 75 шаршы метр. Мұнда 8 бригада мен 3 техника жұмылдырылған. Құрылысшылар айлықтарын уақытылы алып, шаруаларын алаңсыз істеуде. Тапсырыс беруші «Қаратал ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі екенін де атай кетейік.

Құрылысқа арнайы жер телімі бөлініп, қажетті коммуникация да тартылған. Жалпы ауданда құрылыс жүргізу, баспана салу мәселесі жыл санап оң шешімін тауып келеді.

Мәселен, өткен жылы қырық және алпыс пәтерлі көпқабатты үй пайдалануға берілген болытын. Оның сыртында жеке үйлер де тұрғызылып, баспана алу кезегінде тұрғындарға, көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға және ата-анасынан айырылған балаларға берілген болатын. Міне, сол ілкімді іс одан ары жалғасын тауып, жаңа шағынауданға ұласып отыр.

Елде төтенше жағдай жарияланып, белгілі бір қиындық туғызып отырса да, қараталдықтар бұл орайдағы жұмыстарын тоқтатпауда. 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы