ҮКІМЕТ: ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛЫП КЕЛЕДІ

Уақыты: 04.08.2020
Оқылды: 686
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында эпидемиологиялық ахуал және коронавирус инфекциясымен күресу шаралары қаралды. Селекторлық режимде өткен жиынға облыс әкімі Амандық Баталов қатысты.

Жиында Денсаулық сақтау министрі  А.Цой мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов баяндама жасады.

Биыл 2 тамызда аяқталатын карантин режимі кезеңінде Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды, медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайды. ҚР-да COVID-19-дан сауығып кеткендердің саны 63%-дан асты. Ауру жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 1,7%-ға дейін төмендеді, стационарлардағы орындардың жүктемесі 46%-ға дейін, «Жедел жәрдемді» шақыртулар саны 38%-ға азайды. Өңірлер дәрі-дәрмектің жеткілікті қорымен қамтамасыз етілген. 

– Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі жақсартуымыз қажет. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі карантиндік шараларды біртіндеп алу жоспарын ұсынып отыр. Ағымдағы жағдайды және осы айдың қорытындысын ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның отырысында бұл жоспар қарастырылып, тиісті шешім қабылданатын болады, – деді А.Мамин.

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде электронды сауданы дамыту мәселесі қаралды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы Сауда және интеграция министрі Б.Сұлтанов пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін уақытша атқарушы Б.Мусин баяндады.

– Біздің алдымызда электронды сауда рәсімдерін жеңілдетіп, қаржыландыруға жол ашатын, интернет арқылы мәміле жасауға сенімділікті нығайтатын, сондай-ақ, киберқылмыстарға қарсы әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді шараларды қалыптастыру міндеті тұр, – деді А.Мамин.

Сауда логистикасын одан әрі тиімді дамыту мақсатында Сауда, цифрлық даму министрліктеріне фулфилмент- орталықтар желісін және қазіргі таңда құрылып жатқан Ұлттық тауар өткізу жүйесін дамыту бойынша Жоспарды үйлестіру, ал Қазақстанның Даму банкімен бірлесіп онлайн-саудада жаңа несиелендіру өнімдерін қарастыру мәселесін пысықтау тапсырылды.  

Үкімет басшысы «бір терезе» қағидаты бойынша онлайн саудадағы тұтынушылардың шағымдары мен ұсыныстарын қабылдаудың Бірыңғай платформасын іске қосу жұмысын жандандырып, тиімді кері байланысты жолға қоюды тапсырды. 

А.Мамин электронды сауданы дамытудың 2023 жылға дейінгі Жол картасын жандандыру міндетін қойды. 

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Сурет - ғаламтордан