ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ЖИЫН-ТЕРІН ЖҰМЫСЫ ҚЫЗУ ЖҮРІП ЖАТЫР

Уақыты: 26.08.2020
Оқылды: 1074
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талғар ауданының ауылшаруашылығы саласында қыстың берік қорын жасау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Оған жылма-жыл мал басының арта түсуі себеп.

Айталық, осы уақытта аудан бойынша ірі қара саны 50 мыңға жуықтаса, ал ұсақ мал басының 100 мыңнан асып отырғаны, яғни, 108130 басқа көбейгені қуантады. Сондай-ақ, жылқы – 9565, түйе саны – 376 болса, шошқа – 4537, құс – 224887 басты құрайды. Нәтижесінде, биылғы жылдың жеті айында 6010,7 тонна ет, 38142,4 тонна сүт және 17422 мың дана жұмыртқа өндірілген.

Есепте бар осы мал басының қыстан қысылмай, қоңды шығуы – сапалы да жеткілікті жем-шөп қорына тікелей байланысты.

Осыған орай, өңірде жиын-терін жұмыстары қарқын алғандығы жайында аудандық ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Алдияр Әбдірешбаев баяндады.

- Мал азығын дайындау мақсатында тамыздың орта шенінде 118,5 мың тонна шөп, оның ішінде, 91 мың тонна жоңышқа, 53,5 тонна пішендеме, 34,3 мың тонна сабан және 13,4 мың тонна жемдік азық жиналды. Бұл жылдағы межеден артпаса, кемімеген, – дейді сектор меңгерушісі. Сонымен қатар, осы жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес, ауылшаруашылығы дақылдарын егудің алдын ала құрылымы 32 566 гектарды құраған. Бүгінгі күнге 4318 гектар күздік дәнді дақылдар жиналып, 9761 тонна өнім ысырапсыз қамбаға құйылған. Оның орташа өнімділігі әр гектарға шаққанда 22,6 центнерден айналған.

Бұған қоса, 9647 гектар жаздық дәнді дақылдардың жартысына жуығы жиналып, 8 мыңнан артық өнім алынды. Орташа өнімділік – 23,2 центнерден айналуда. Ал 3057 гектар картоп алқабында да жұмыс қыза түскен. Бүгінге аталған көрсеткіштің 300 гектары жиналып, 5512 тонна сапалы өнім алынды.

Түгін тартса майы шығатын топырағы құнарлы Талғар ауданы аумағында 2721 гектарға егілген көкөністің 2 мыңнан астамы жиналып, одан 67507 өнім алынса, 220 гектарды құрайтын бақша дақылдарының да өнімділігі жоғары екендігін атау жөн.

Әр күнді тиімді пайдаланып, өскен өнімді ысырапсыз, уақытылы жинап алу мақсатында күзгі дала жұмыстарына арзандатылған бағамен (168,5 теңге) 600 тонна дизель отынының 251,4 тоннасына өтінім беріліп, бүгінге 45 тонна алынған.

Жалпы, аграрлы ауданда «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру бойынша да ауқымды жобалар жүзеге асуда. Айталық, биылғы жылдың басынан бері аталған бағдарлама аясында аудан бойынша 21 өтінімге 100,1 млн.теңге берілген. Оның басым бөлігі мал шаруашылығы бойынша түскен 17 өтінімге 81,7 млн.теңге, ал өсімдік шаруашылығы саласында жылыжай салу, маусымдық дақылдарды өсіру және ауылшаруашылық техникасын алу бойынша түскен 4 өтінімге 18,4 млн.теңге бөлініп, игерілген.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, жүзеге асыру ауыл шаруашылығының өркендеуі мен кәсіпкерліктің өрістеуіне айрықша ықпал етері сөзсіз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы