КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСЕМІЗ? ҚЫРЫМБЕК КӨШЕРБАЕВ ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 28.08.2020
Оқылды: 1091
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы селекторлық үлгіде өтті.

Мінберден Ұлттық банктің, Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктерінің, Қаржы, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша арнайы қызметкерлер баяндама оқыды.

Отырыста «Мемлекеттік органдар қабылдап жатқан көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігі» және «Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіру» туралы екі мәселе қаралды.

Комиссия мүшелері көлеңкелі экномиканың ел дамуына тигізген кері әсері, экономикалық қауіпсіздікке төнген қауіп және сыбайлас жемқорлықпен өзара байланысын айта келіп, елімізде жекелеген сараптамалық бағалаулар бойынша көлеңкелі экономиканың мөлшері жалпы ішкі өнімнің 20 пайызынан асатындығын сөз етті. Осыған орай көлеңкелі экономиканың көлемін азайту мақсатында елімізде 2019-2021 жылдарға арналған тиісті іс-шара қабылданғанын, мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды қазынашылық демеуді енгізу, заңнаманы жетілдіру және қолма-қол ақысыз төлемдер инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстардың жүріп жатқандығы айтылды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселені қараған комиссия мүшелері мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін жетілдіру еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында және 2020 жылға дейінгі кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу тұжырымдамасында кездесетінін атап өтті. Аталған бағдарламалар арқылы көпжылдық жүйені жаңарту, сонымен қатар, мемлекеттік бақылау мен қадағалау саласындағы тәсілдерді өзгерту мәселелері сөз болды.

Баяндамашылардың, бейнеконференцияға қатысып отырғандардың ақпараттары мен ұсыныстарынан кейін Қырымбек Елеуұлы еліміздегі көлеңкелі экономикамен күресті жалғастыруды, сондай-ақ, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жетілдіруді тапсырды.

Серік ҚАНТАЙ

Сурет - ғаламтордан