ШАЛҒАЙ ЖАТҚАН АУЫЛДАР КЕҢ ЖОЛАҚТЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Уақыты: 28.08.2020
Оқылды: 1358
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Сарқан ауданында талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын. Бұл туралы Сарқан ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

2017 жылы 31 қаңтарда Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қәбілеттілік» атты Жолдауында цифрлық технологияны өркендетіп, ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстау тапсырылған болатын. Осыған орай, аудан орталығынан шалғай жатқан Лепсі өңіріне және Амангелді, Бақалы, Черкасск, Алмалы, Екіаша ауылдық округтеріне кең жолақты интернетке қосу жұмыстары қарқын алды.

Кең жолақты интернет желісін алдымен әлеуметтік маңызы бар нысандарға тарту қарастырылған. Олар, әрине, мектеп, балабақша, аурухана, полиция бөлімшесі, почта торабы және ауылдық Мәдениет үйі. Бұл - мамандардың, ұстаздар мен оқушылардың, дәрігерлер мен участкелік полиция инспекторларының жұмысын көп жеңілдетеді деген сөз.

Интернеттің мәселесі аудан әкімінің есептік кездесуінде жиі көтерілетін мәселелердің бірі еді, қарапайым қосымшалар түгілі керекті ақпаратты іздеу қиындық туғызатын болғандықтан ауыл халқы аудан орталығына сабылатын. Енді халық көп баратын орындарда сағаттап күтудің қажеті жоқ, өйткені, «Электрондық үкімет» порталы арқылы үйден шықпай-ақ уақыт үнемдеу арқылы қажетті анықтамаларды алуға мүмкіндік тууда. Нәтижесінде, заман талабына сай мектептерде ІТ, робототехника кабинеттері ашылып, оқушылар үшін жаңа технологияларды тәжірибе жүзінде қолдануға жол ашылмақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан