"ОЛҚЫЛЫҚТАР БАР": РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖОЛДАРҒА ИНСПЕКЦИЯЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР ЖҮРГІЗІЛДІ

Уақыты: 31.08.2020
Оқылды: 1024
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Уақыт шіркінде тоқтам бар ма?! Алты айға созылған карантиндік режимді де соңымызда қалдырдық. Айтуға жеңіл болғанымен жаһанды жайлаған пандемия кімге болса да оңай тиген жоқ. Әсіресе, әлеуметтік салаға, оның ішінде, сауда-саттыққа бейім мекемелердің жұмыстары тоқтап, сан мың жан үйлерінде отырып  қалғаны шындық. Міне, осындай қиын шақтың өзінде еліміздің кең-байтақ даласында қарқынды жүріп жатқан жол құрылысы өз жұмысын бір сәтке де бәсеңдеткен жоқ. Олар өздерінің табанды еңбектерімен өзгелерге үлгі бола білді.

Әсіресе, Алматы облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық», «Күрті – Бурылбайтал», «Ұзынағаш – Отар» көлік жолдарының жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Әрине, бірінші кезекте жаңдан салынған немесе, жаңартылған жолдардың саны емес, оның сапасы ерекше назарда тұратыны да анық.

Осы орайда жолдың сапасына тікелей жауап беретін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының барлық облыстағы филиалдарының тынымсыз, табанды атқарған жұмыстарын атап өткеніміз орынды. Биылғы жартыжылдықта орталық мамандары жиі-жиі іс-сапарға шығып, республикалық маңызы бар жолдарға 3732 инспекциялық тексеру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, жергілікті жолдардың сапасын қадағалау  мақсатында 1915 рет бақылау істерін жүзеге асырды.

Нәтижесінде, Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметкерлері жол салуда 3,9 мың олқылықтың барын анықтап шықты. Жол-құрылыс материалдарының 9 мыңнан астамына зертханалық сынақтама алынды. Бұған қоса, осы жылдың жартыжылдығында жолдардың 2442 шақырымы құралдық-диагностикадан, 1457 шақырымы жол учаскелерінің кепілді мониторингіден өткізілді. Осындай бақылаудан кейін жолдардың сапалы болу да заңдылық дер едік.

Бүгінгі таңда өңір аумағынан өтетін республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың 81 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екенін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен айтылып, жазылды. Бұл көрсеткіш жыл аяғында 84 пайызға жететінін және облыс пен аудандық маңыздағы 492 шақырым мен 108 елді-мекендегі жолдардың да талаптағыдай іске қосылатынын көпшлік жақсы біледі.

Қалай десек те, жұмыстың сапалы атқарылуы негізінен білікті де білімді мамандарға тікелей қатысты. Осы орайда еліміз бойынша жол-құрылыс саласына кәсіби мамандардың қажет екені де жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағыновтың бастамасымен автомобиль жолдары мамандығына талапкерді тарту және осы салада білім алып жатқан шәкірттерді жазғы демалыс кезінде ақылы жұмыспен қамту мәселесін қолға алды.

Осындай ізгілікті бастаманың арқасында біршама студенттер жаз мезгілінде жол сапасы мекемесінде іс-тәжірибеден өтіп, еңбекақыларын алды. Мамандықтың қыр-сырымен танысты.

Нақтылай түссек, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Алматы облыстық филиалына ақылы практикадан өтуге Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясының «Транспорттық құрылыс» мамандығында оқитын үшінші курстың 3 студенті келді. Олар Аян Бейсебиева және ағайынды Константин және Павел Телковтар.

Студенттер маусым-шілде аралығында мекемеде тәжірибеден өтіп, жол құрылысының мамандықтарына шыңдалды. Болашақ жұмыстарының негізін қалады. Теориялық білімді іс-тәжірибеде жалғастырды. Бұл дегеніміз – жол құрылыс саласының мамандарына жасалған қамқорлық емей немене?!

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА

Алматы облысы