ТҰҒЫРЫ БИІК ТӘУЕЛСІЗДІК

Уақыты: 29.06.2021
Оқылды: 1656
Бөлім: САЯСАТ

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуда. Бұл айтулы кезең, маңызды белес. Өйткені, халқымыз үшін тәуелсіздіктің құны тым жоғары. Оны ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап кетсе, сол азаттықтың ақ таңын көру бақыты бүгінгі ұрпаққа бұйырып отыр.

Тәуелсіздіктің оңайдан келмегені белгілі. Халқымыздың еркіндігін ойлаған қазақ жастарының 1986 жылғы ызғарлы желтоқсанда алаңға шығып, Кеңес Одағының қатал саясатына қарсы шығуы – нағыз батырлықтың үлгісі болды. Осы жастардың ерлігін  мәңгілік есте сақтап, тәуелсіздіктің мәні зор, мағынасы терең екенін жас ұрпақтың жадына сіңіру мақсатымыз. Бұл ретте жас ұрпаққа  тәлімді тәрбие беріп, жаңа Қазақстанның жастары озық ойлы, жан-жақты білімді болып өсуіне үлес қосу парызымыз. Өйткені, еліміздің болашағы балалардың бүгінгі алып жатқан білімі мен тәліміне тікелей байланысты. Бұл орайда жас ұрпақтың білімді, өр рухты, отансүйгіш, адамгершілігі мол тұлға болып қалыптасуына мейлінше мән берудеміз. Егемен еліміздің жастары бүгінгі уақыт талабына сай білім алып, мемлекетімізді дамыған отыз елдің көшіне бастап баруы тиіс. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің құны халқымыз үшін тым жоғары екенін терең түйсініп өсіп, болашақта тек еліміздің игілігіне қызмет етуі керек.

Жас ұрпақтың бойына осынау құндылықтарды сіңіретін, әрине, ұстаздар қауымы. Сондықтан да мұғалімдерге артылатын міндет зор. Осы тұста оқушыларға еліміздің тарихын тереңірек таныстырып, ата-бабаларымыздың өткен жолын,  өр рухын бойына сіңірсек, беретін тәрбиеміздің маңызы арта түседі деп білемін. Өйткені, елін-жерін сүйіп өскен жас болашақта мемлекеттің гүлденуі мен өркендеуіне қызмет етері сөзсіз.

Әлбетте, жаңа Қазақстанның қалыптасу кезеңі отыз жылды құрағанымен бабаларымыздың жүріп өткен жолы, тарихы тым тереңде. «Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр» демекші, өткен күндерді, байтақ жерді қорғап, бізге жеткізген бабалар ерлігін жүрек төрімізде сақтай отырып, еліміздің ары қарайғы қарыштап дамуына үлес қосу міндетіміз. Осы жолда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып әрекет етсек, Ұлы даланың ұрпағының талай белесті бағындырып, Мәңгілік мызғымас елге айналары хақ.

Айжан Сарсенбаева,
М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының мұғалімі
Талдықорған қаласы