Көркейту-көгалдандыру әлі де қарқынды

Уақыты: 29.04.2024
Оқылды: 266
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Тазалық – иманның жартысы» деген тәмсіл бар баба жұртта. Жетісу өңірінде «Таза Қазақстан» сенбілік акциясына белсенді қатысты. Біздің нысанамызға бұл жолы Ескелді ауданы мен Текелі қаласындағы тазалық жұмыстары ілінді.

«Табиғатты аялау – тәрбиеден». Осы мәйекті сөзді ұстанған Ескелді ауданының жұртшылығы әдеттегідей сенбіде қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға кірісті. Жұрттан қалмай ағаш отырғызды, көше сыпырды, бабалар ұлағатының бір пұшпағы саналатын ескерткіштердің айналасын абаттандырды. Аудан әкімі Елдос Ахметов бастаған «Таза Қазақстан» акциясының қатысушылары көгалдандыру жұмыстарын жандандырды.

Жуық арада Қарабұлақ ауылының маңында саялы бақ ауданға көрік бере түспек. Себебі, бұрын топырақ пен мал қиы тау болып үйіліп жататын аудан орталығының бір қақпасы маңы абаттандырылуда. Оған себепкер мұндағы меценаттығымен танылған Герман Нам басқаратын «Нам. Г.Н» шаруа қожалығы. Құрылымның көмегімен аудан әкімдігі 3 гектар аумақты тазартып, 5 мың түп жасыл желек орналастыруда. Қазір қоршаулы жерге жоспарлы көшеттің 50 пайызы егілген. Оның көктеп-көгеруіне жауапкершілікті «Нам. Г.Н» шаруа қожалығы мойнына алған. Жерді өңдеп, ағаш егуге қолайлы еткен де осы шаруашылық. Өткен сенбіде аудандық әкімдік құрылымның өкілдері, білім бөлімінің қызметкерлері осы маңға 600 түп терек, шаған ағашы және 200 түп алма көшетін отырғызды. 100-ге жуық адам қатысқан шараның басы-қасында аудан әкімі өзі жүрді. Көппен бірге туған өлкесін гүлдендіруге Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ержан Байсалбек те атсалысты. Мұнда көшет отырғызу жұмыстары жүріп жатқанын ести сала өз еркімен көппен бірге білек сыбана келіпті.

 – «Таза Қазақстан» акциясы тек әкімдіктің не бюджеттік мекеменің атқаратын шаруасы емес, жалпыхалықтық шара ғой. Мұндай ауқымды істі қолға алған аудан атқамінерлеріне алғыс білдіру керек. Қазір жастар қоршаған ортаға бей-жай қарайды. Бұрын әкелеріміз «Бір ағаш сындыру – адам өлтіргенмен бірдей» деп, үнемі көктемде үй маңайын көркейтуге күш салатын, ағаш егіп, көркейтетін. Сол әкемізден алған тәлімді келер ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. «Тазалық – отбасынан басталады» деген сөз рас. Еліміздің әрбір азаматы балаларын өзі өмір сүретін аумақты таза ұстауға, табиғатты аялауға үйретсе, мұндай сенбілік шаралары болмас та еді. Бастысы, біз ұрпақ үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруымыз керек, – деді Е. Байсалбек.

Ескелді ауданында ағаш көшеттерін отырғызудан басқа ауыл-ауылда сенбілік қарқынды жүргізілді. Бас-аяғы осы сенбілікке 14500 ескелділік атсалысты. Нәтижесінде 3 мыңнан аса көшет отырғызылып, 107 мың шаршы метр жер және 250 шақырым арықтар мен каналдар тазартылып, 610 тонна күл-қоқыс шығарылды.

Текелі қаласында да көктемгі абаттандыру жұмыстарына тұрғындар білек сыбана кірісіпті. Қалалықтар кірер тұсқа көшеттер отырғызып жатыр екен. Текеліде «Таза Қазақстанның» қарқын алуына қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ермек Жұмағалиевтің айтуынша, бұл сенбілікке 200 адам, 12 техника жұмылдырылыпты. Сенбілікке қатысушылар қала кіре берісіне 100 түп көшет отырғызып, қалалық парк маңындағы ескі ағаштарды кесіп, қоғамдық орынды әрледі. Сол күні текеліліктер 15 тонна, ал «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы 70 тонна күл-қоқыс шығарыпты.

Фармуш Намысбаев та көппен бірге Текеліні көркейтуге араласып жүр. Өз еркімен сенбілікке белсене қатысушының сөзінше, табиғаты әсем қаланы таза ұстауға әрбір тұрғын атсалысуы тиіс.

 – Текелі – Жетісу өңірінің жақұты. Ол жарқырай түсуі үшін әрбір тұрғын тазалық жұмыстарына белсенді қатысуы тиіс. Бәріміз қолайлы қалада өмір сүруге құқылымыз. Сондықтан, тұрғындарды жақұтты қаланы таза ұстауға шақырамын, – дейді Ф. Намысбаев.

Жалпы, қоршаған ортаны таза ұстау үшін тазалық мәдениеті қалыптасуы керек. Ол үшін сана таза болуы тиіс. Тек өз ауласы мен өз үйін таза ұстаудан қала да, дала да көркеймейді және сенбі сайын жалауын желбіретер сенбілік ұйымдастырылмайды. Айтпақшы, «Таза Қазақстан» акциясының мұндай ауқымда өткізілуі тазалық мәдениеті мен сана тазалығының қалыптасуына мұрындық болары сөзсіз.

Дастанбек САДЫҚ
Суретті түсірген Руслан Қадыров