СЫНДАРЛЫ САЯСАТ СӨЗ БОЛДЫ

Уақыты: 30.06.2022
Оқылды: 1282
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, жазушы Нұрғали Ораз, ақын Кәдірбек Құныпияұлы іссапармен Райымбек ауданына келді. Жиынды Райымбек ауданының әкімі  Нұржан  Құдайбергенов жүргізіп отырды.

Мәлік Нүржанұлы өзінің бұл сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәңіртау етегінің тұрғындарына деген ыстық ықыласқа толы сәлемін жеткізуге келгенін айтты. Елімізде өткізілген референдумның мақсат-міндеті мен маңызын, «ұлт ұясы» атанған Ұлытау төрінде өткен құрылтайда айтылған жайттар, жаңа құрылған үш облысқа мемлекет тарапынан белгіленген жоспарлы шаралар жайлы да мағлұмат берді. Сонымен қатар, жиналғандарды ел мен жер тағдыры, ауданның тынысы мен толғандырып жүрген өзекті мәселелер туралы ашық әңгімеге шақырды. Көпшіліктің талап-тілегін, ой-пікір ұсынысын Мемлекет басшысына толықтай жеткізуге уәде берді. Келесі кезекте сөз алған жазушы Нұрғали Ораз, ақын Кәдірбек Құныпияұлы Райымбектей батыр баба ұрпақтары Бердібек, Мұқағали, Сағат, Баққожа сияқты қазақ әдебиетінің алыптары туған өлкенің айрықша қасиетіне ерекше тоқталды. 
Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболат Бірбаев Кеген мен Нарынқолдың арасын жалғап жатқан күре жолдың адам төзгісіз жағдайын, жер мәселесін мәртебелі меймандардың назарына салды. Ұзақ ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Мақсат Әшімбаев ауылды газдандыру, алқаптарды суландыру, тау сағасындағы көлдердің суын ауылға бұру мәселесін сөз етті. Зейнеткер Нұрлан Әкімбаев мал өнімдерін ұқсату, жүн-терілерін пайдаға жарату үшін ауданнан арнайы өңдеу орындарын ашу қажеттігін, Айыпжан Қаптағаев шекара мәселесін, Ауғали Молдасан өндіріс орындарын құрудың өзектілігін әңгімеге арқау етті. Ұсыныс-тілектерді зейін қоя тыңдаған Мәлік Нұржанұлы айтылған жайттардың бәрі де өзекті екенін, оның орынды жүзеге асуына барша жұртшылық біркісідей атсалысуы қажеттігін мәлімдеді. 

Жұмабек  ТӘЛІПҰЛЫ
Райымбек ауданы
Алматы облысы