АЛҒЫС ХАТ ТАБЫСТАДЫ

Уақыты: 02.07.2022
Оқылды: 1657
Бөлім: САЯСАТ

Талдықорғандағы «Рухани жаңғыру» орталығында Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбек жалпыұлттық деңгейдегі референдумды ұйымдастырып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырып, Жаңа Қазақстанды құруда белсенді үлес қосқан бірқатар азаматқа Президенттің Алғыс хатын табыстады.

Жиынды жүргізген Болат Бақбергенұлы референдумға Алматы облысындағы 1,4 миллион сайлаушының ішінен 1 миллионнан астамы қатысып, 79 пайызы Конституцияға ұсынылған өзгерістерді қолдағанын айтты. Осындай нәтижеге қол жеткізуге Алматы облысы бойынша референдумды қолдау жөнінде құрылған қоғамдық штабтың ықпалы зор екендігіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, реформалардың маңызын түсіндіру жұмысына белсенді қатысқан штаб мүшелеріне ризашылығын білдірді.
Келесі кезекте сөз алған Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің, облыс бойынша референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штаб төрағасы Ермек Келемсейіт штаб мүшелері 742 елді мекенді аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін баян етті.
– Бірнеше партия мен қоғамдық ұйым өкілдері кірген 49 адамнан құрылған штаб халыққа түсіндіру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізді. Ата Заңға енген өзгерістердің маңызы жоғары. Мысалы, 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлау басталады. Алдағы жылы пилоттық жоба ретінде қолға алынбақ, – деген Ермек Әбілмәжінұлы облыс әкімдерін тағайындауға енген өзгерісті мысалға келтірді. 
– Қазір Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, дауысқа салады. Депутаттар кімге көп дауыс берсе, сол әкім болып тағайындалады. Алматы және Жетісу облысының әкімдері осы тәртіппен тағайындалды.
Жиын соңында елдегі саяси науқанға белсенді қатысқан азаматтар Мемлекет басшысының, облыс әкімінің, орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ