«Самұрық-Қазынаның» бар жұмысы – басшыларға бонус беру

Уақыты: 05.10.2023
Оқылды: 1000
Бөлім: САЯСАТ

«Самұрық-Қазынаның» еншілес «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасынан екі есе көп бонус алды. Кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, басшылық 274 млн теңге бонус жазып алған, дейді Мәжілісте депутат Ерлан Сайыров.

Оның сөзінше, «Самұрық-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының еншілес кәсіпорны болып табылатын «Kaz Cloud» компаниясының басшылығы да шексіз жомарттық танытқан.

  • Біріншіден, тең құрылтайшы болып табылатын «Қазақтелеком» өзінің үлесін, жеке серіктестікке беріп жіберген. «Бұл үлес неге, қалай берілді, мемлекетке залал жоқ па?» деген сұрақтар туындайды.
  • Екіншіден, осы «Kaz Cloud» команиясының менеджменті, компанияның таза пайдасы 61 млн теңге бола тұра, премия ретінде бір жылда 336 млн теңге алған.

«Қазақтелеком» басқармасының мүшелері жалпы 422 млн теңге премия алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді!

Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық?

«Самұрық-Қазынаның» бар жұмысы өз басшыларына бонус, сыйақы тарату ма?», деген заңды сұрақ туады, дейді депутат.

Фото: ашық дереккөзден