БІРЛІК – БЕРЕКЕ КЕПІЛІ

Уақыты: 07.10.2023
Оқылды: 1171
Бөлім: САЯСАТ

Дамудың өзіндік моделін қалыптастырып, сол жолда жемісті еңбек етіп келе жатқанымыздың нәтижесінде Тәуелсіз еліміздің тұғыры биіктей түсті. Бұл – үлкен жеңіспен пара-пар.

Ел дамуының алғышарттары мен экономикалық тұрғыдан қарыштап дамуы жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында жан-жақты айтылды. Жолдаудың әрбір  қазақстандық азамат үшін берері мол деп айтуға болады.  Өйткені қарапайым қара халықтың тіршілігінен бастап, алып шаһардың қызу әрі қарбалас тіршілігін дөп басып айтты.

Қасиетті қара жерден несібесін тауып жүрген шаруа иелері үшін Мемлекет басшысының ауылшаруашылығы саласына ерекше ден қойғаны қуантты. Атакәсіпті игеріп, нәсіп етемін деген жанға мемлекет тарапынан барлық жағдайдың қарастырылғанын алға тартты. Қазіргідей нарық заманында үнемі жаңарып, жанданып отыру аса маңызды. Білім мен біліктілік сыналар тұста қандай кәсіп қылсақ та білімді болуға ұмтылғанымыз жөн.

Біз, шаруа иелері ел болашағы жолында тынбай еңтек етуге дайынбыз. Біздің мақсат – қасиетті қазақ елін дамытып, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосу. Ол үшін біз отбасында балаларымызды ұлттық құндылықтарды бойына дарыта отырып тәрбиелеп, олардың терең білім алуына, елім, жерім деп адал қызмет етуіне жағдай жасауға міндеттіміз.

Қазақстандық даму үлгісіне жаңа мүмкіндіктер ұсынған бұл Жолдаудың әр тармағында салмақты ой, сарабдал саясат жасырынғаны ақиқат. Нақты міндеттер көрсетіліп, мақсатымыз айқындалған. Біз осы бастамаларды қолдай отырып, өзімізге керекті тұстарының мүмкіндіктерін толықтай пайдалануымыз қажет. Маңызды міндеттер, түйінді тапсырмалар тізбектелген бұл Жолдау болашақтың бағдаршамы іспеттес.

Қалибек АЛПЫСБАЕВ,
«Кең дала» шаруа қожалығының басшысы
Көксу ауданы