«Қатты кетпеңіз»: Қошанов депутат Бақытжан Базарбекке әдепсіз әрекеті үшін ескерту жасады

Уақыты: 11.10.2023
Оқылды: 2932
Бөлім: САЯСАТ

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төменгі палата депутаты Бақытжан Базарбектің әдепсіз әрекетіне байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

«Егер жұмыс істей алмасаңыздар, министрмен қоса қуып шығамыз. Біз аямаймыз. Халық жайылым жерлерді бірінші кезекте алуы керек», - деді Бақытжан Базарбек Мәжіліс отырысында вице-министр Әбілқайыр Тамабекке.

Бұл мәлімдемеге жауап ретінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бақытжан Базарбекке ескерту жасады.

«Бақытжан Жұмабекұлы, ең алдымен, депутаттық этика деген ұғым бар. Сіз қатты кетпеңіз, агрессиясыз сөйлеңіз. Екіншіден, мен жақтамаймын. Қойып отырған сұрағыңз дұрыс. 10 миллион гектарға жуық жер қайтарылды. Бұл біріншіден, «Жер Аманаты» комиссиясының жұмысы.Оның құрамына құзырлы органдар, депутаттар, қоғам өкілдері де кіреді. Өзіңіз де бұған басшылық етесіз. Сондықтан мен де сізге сәлем айтқым келеді. Қалай әділ бөлініп жатқанын сіз де анықтай аласыз ғой. Бақытжан мырза, бұл бірінші рет емес. Төраға ретінде сізге ескерту жасаймын», - деп атап өтті төменгі палата төрағасы.

Дереккөз: nege.kz 
Фото: ғаламтордан алынды