"Тым болмағанда үшінші елге кетуге мүмкіндік жасауымыз керек": Қазақстанға қашып келген қазақтар мәселесіне алаңдады

Уақыты: 18.10.2023
Оқылды: 3474
Бөлім: САЯСАТ

Шыңжаңдағы қысымнан қорқып, шекараны заңсыз кесіп Қазақстанға қашып келген Қайша Ақан, Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлімұлына Қазақстан азаматтық бере алмаса, тым болмағанда үшінші елге кетуіне жағдай жасау керек.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Azattyq radiosy сайты дерегіне жүгініп хабарлайды. 

Ермұрат Бапи үш адамға азаматтық берілмеуіне қатысты мәселені көтеріп, мұның себебін көрші елмен арадағы қарым-қатынаспен байланыстырды.

“Олар Қазақстанда дәрігерге қаралу, жұмыс табу, тіпті сим-карта алу сияқты проблемаларға кезігіп отыр. Әрине, Қазақстан мен Қытай арасында түрлі мемлекеттік келісімдер бар ғой. Қазақстан келісімдерге қайшы келгісі келмейді. Екіншіден, көршісінің ашуын тудырғысы келмейді. Бұл түсінікті жағдай”, – дейді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстан оларға азаматтық бермесе де, үшінші елге кетуіне жағдай жасауы керек.

"Бұл азаматтарға егер азаматтық бере алмасақ, тым болмағанда үшінші елге кетуге мүмкіндік жасауымыз керек" деді Ермұрат Бапи Азаттық тілшісіне.

Бірнеше жыл бұрын Шыңжаңдағы қысымның салдарына елге заңсыз қашып келген Қайша Ақан, Қастер Мұсахан, Мұрагер Әлімұлы үш жылдан бері босқын куәлігімен ғана жүр. Оларға азаматтық та, басқа елге шығатын құжат та берілмей отыр. 

Қазан айында олардың босқын мәртебесі куәлігінің мерзімі тағы бір жылға ұзартылған. 

Фото: ашық дереккөзден