Канада елшісі Алан Хэмсон Жетісуға келді

Уақыты: 30.11.2023
Оқылды: 1069
Бөлім: САЯСАТ

Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі халықаралық «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік» науқаны аясында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттерімен кездесті.

Университеттің басқарма төрағасы Қуат Баймырзаев қатысқан жиында білімгерлер осы тақырыпқа сай жан-жақты сұрақ қойып, еркін пікір алмасты. Сонымен қатар факультетаралық байқау өтіп, жеңімаздар Канада елшісінің Мақтау қағазымен марапатталды.

– Мұндай шара Алматы, Астана секілді ірі қалаларда жиі өтіп тұрады. Әсіресе, мектеп оқушылары, жоғары оқу орны білімгерлерімен кездесіп жүрміз. Өйткені, біздің болашағымыз солардың қолында. Ендігі кезекте Талдықорған сынды Қазақстанның басқа да қалаларын аралауды қолға алдық, – деген Алан Хэмсон аталмыш тақырыптың ауқымына тоқталды. – Тұрмыстық зорлық-зомбылық бүкіл әлем бойынша жаһандық мәселеге айналды. Біз оның салдарымен емес, себебімен күресетін арнайы бағдарлама әзірледік. Бұл үрдіс тек кінәлілерді жауапқа тартумен ғана тоқтамайды, отбасы психологі сынды арнайы мамандардың көмегіне жүгінуіміз керек.

Алан Хэмсон кездесуден кейін журналистермен де сұхбаттасып, Канада–Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынас жайлы айтып берді.

Мәулен Әнербай
Фото: gov.kz