Қос елдің қарым-қатынасы қарқынды

Уақыты: 03.12.2023
Оқылды: 830
Бөлім: САЯСАТ

Соңғы жылдары Қазақстан мен Корея Республикасының арасындағы сауда-саттық қарқынды дамуда. Қос мемлекеттің  екіжақты экономикалық байланысы 2006 жылдан бастау алады. Корей статистикасына сәйкес, 2022 жылы тауар айналымы рекордтық көрсеткіштерге жетіп, 6,5 млрд. доллар құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге өскен. Мұнда қазақстандық экспорттың өсімі 100%-ды құрап, оң серпін көрсеткенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының бірі. Екі мемлекет арасында байланыс орнатылғаннан бері еліміздің саяси және экономикалық өмірінде қыруар шаруалар атқарылды.  Сауда жөнінде өзге елдердің алдынан көрінетін корейлер қазақтармен саудасын жылдан-жылға арттыруда.

Жалпы  Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның сауда экономикалық қарым-қатынасының аяқ алысы әу бастан  жаман болған жоқ. Кореяда біздің елдің елшілігі ресми ашылған күннен бастап қазақ жеріне сапалы корей тауарларын тасушы әрі жөнелтуші саудагерлер қатары артпаса, азайған емес. Сауда компаниялары  пайда көрмесе, зиян шекпеді. Қазақтанда өкілдіктерін ашып, екі елдің экономикалық қарым-қатынасына өздерінің үлкен үлестерін қосып келеді. Бүгінде Корей елінің инвестициялық жағрафиясы кең екенін бүкіл әлем мойындайды. Қытайдың тауары бармаған әлемдік базар қалмағаны сияқты,  дүние жүзінде корейдің инвестициясы жетпеген мемлекет жоқтың қасы. Солардың қатарында біздің ел де бар. Алматы мен Астана қаласында корейлердің ірі банк, корпорация, компания, сақтандыру және құрылыс компанияларының кеңселері ашылып, заманауи бизнес жобалар игерілуде. Екі елдің  бірлескен компаниялары құрылып, қос  тараптан құрылтайшылардың шығуын корей мен қазақ бизнесінің өзара түсінісіп, қызмет атқаратындығы деп бағалауға болады. Корейлердің бизнес әлеміндегі беделді компаниялары бұл күні мемлекеттік және коммерциялық жобаларды инвестициялауға және бірлесіп іске асыруға белсене атсалысуда.

Қазақстан мен  Корея Республикасы арасындағы халықаралық дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 28 қаңтарда орнатылды. Қазақстанда 100 000 этникалық корейдің тұратындығы (корё-сарам деп аталады) екі ел арасын барынша жақындатып, байланысты нығайтты. Соңғы жылдары Оңтүстік Кореяның Қазақстанмен қарым-қатынасы Президент Мунның 2019 жылғы сәуірде Елімізге сапары кезінде мәлімделген 2019–2022 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың жаңа «Самал жел» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бағдарлама көлік және логистика, құрылыс, өнеркәсіп, инфрақұрылымды дамыту, тау-кен металлургия, жер қойнауын пайдалану, сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика,  ауылшаруашылығы, қаржы, денсаулық сақтау сияқты 10 бағыт бойынша 58 жобаны жүзеге асыруды көздеген.

Экономикалық тұрғыда Қазақстан Оңтүстік Кореяның Орталық Азиядағы негізгі сауда серіктесі саналады. Орталық Азияның барлық мемлекеттеріне жасалған Корей экспортының шамамен 51%-ы Қазақстанға тиесілі. Статистикаға сүйенсек, екіжақты сауда 2017 жылғы 1,53 миллиард доллардан 2019 жылы 4,22 миллиард долларға жеткен. Пандемияға байланысты сауда 2020 жылы 3,09 миллиард долларға дейін төмендегенімен қазіргі үрдіс пандемияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда тұрақты өсу үстінде. Дегенмен, сауда теңгерімсіздігі әлі де маңызды. Себебі Кореяның Қазақстанға экспорты Қазақстанның Оңтүстік Кореяға импортының көлемінен үш есе дерлік жоғары.

Жоғарыда айтқанымыздай, Оңтүстік Корея Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі. Біздің елге  2005–2018 жылдар аралығында 5,5 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Ал Қазақстанның Оңтүстік Корея экономикасына салған инвестициясы сол кезеңде шамамен 2,2 миллион долларды құрады. Алдағы уақытта автомобиль өнеркәсібі, тұрғын үй құрылысы, металлургия және ауылшаруашылығы салаларында құны 1,5 миллиард доллар болатын 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Қазақстанда корей өкілдерінің қатысуымен тіркелген 1081 кәсіпорыннан басқа 500-ден астам корей компаниясы жұмыс істейді. Былтыр қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 2,3 есе өсіп, 6,1 миллиард доллардан асты, ал биылғы 8 айда ол тағы 11 пайызға көтерілді.

Осыдан біраз бұрын Қазақстан Республикасы Үкіметінің баспасөз қызметі: «ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Оңтүстік Кореяның Сауда министрі Ан Дук Гын жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады» деп хабарлады. Осы кездесу барысында Премьер-Министр Қазақстан Республикасының Үкіметі Оңтүстік Кореямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуда үлкен мүмкіндіктер көріп отырғанын ерекше атап өтіп, Оңтүстік Кореяның Қазақстан Республикасы экономикасындағы ең ірі инвесторлардың алғашқы ондығына кіретіндігіне ерекше тоқталды. Премьер-министрдің айтуынша, былтыр Кореядан келген тікелей инвестицияның жалпы ағыны 85 пайызға артып, жаңа рекордтық көлемге -1,5 миллиард долларға жеткен. Қазіргі уақытта Қазақстанда 700-ден астам корей кәсіпорны бар, олардың ең ірілері KIA, Hyundai, Samsung және LG. Бүгінгі таңда құны 1,5 миллиард доллар болатын 5 жоба іске асырылу сатысында және шамамен 500 миллион АҚШ доллары болатын тағы 25 перспективалы жоба әзірленуде. Айқын мысал ретінде инвестиция көлемі 190 миллион долларды құрайтын жаңа ірі KIA зауытының құрылысын атап өтуге болады. Қазақстан Үкіметі республикадағы инвесторлардың жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайларды жасауды жалғастырады. Өз кезегінде Ан Дук Гын Оңтүстік Корея экономиканың түрлі салаларында Қазақстанмен белсенді технологиялық ынтымақтастыққа дайын екендігін атап өтті.

Қазақстандағы KIA зауыты сияқты жобалардың маңызы зор. Ол сәтті жүзеге асса отандық автомобиль өнеркәсібіне серпін беріп, үлгі болмақ. Бұл осындай зауыттар мен өндірістерді салуды тездетеді.  Қазіргі кезде Алматыда корейлік капиталмен сауда, медицина, құрылыс, телекоммуникация салаларында 320 кәсіпорын жұмыс істейді. Соған қарағанда Корея Республикасының бизнесмендері біздегі ірі мегаполистерде жаңа кәсіпорындар ашуға ынталы.  Өйткені Алматы қаласындағы кірістің 40%-ын шағын және орта бизнес береді, еңбекпен қамтылған 10 адамның 7-і осында жұмыс істейді. Сонымен қоса көтерме сауданың тең жартысы осы қалаға тиесілі. Мегаполис қаржы және экономикалық орталық ретінде жоғары инвестициялық тартымдылыққа ие. Қалада ШОБ 185 мыңнан астам нысаны бар. Индустриалды аймақ және «ПИТ» АЭА жұмыс істейді. Инвестициялық жобалар үшін бірқатар мүмкіндіктер мен жеңілдіктер қарастырылып, биыл индустриалды аймақта Hyndai зауытының құрылысы басталды. Іскерлік байланысты нығайту үшін ашылған «Корейлік сауда және инвестициялар жөніндегі» агенттік өкілдігі маңызды рөл атқарады. Инфрақұрылым мен көлік саласында байланыс қарқынды дамуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жүйесіне Алматыны түйістіретін БАКАД құрылысы аяқталды. Құрылыс жұмыстарына Оңтүстік кореяның SK Group, Korea Expressway Corporation компаниялары қатысты. Бұдан өзге, электрлі жылжымалы составтарды жеткізетін Hyundai Rotem мен Алматы Метрополитені арасында келісім жасалған. Соған сай Корея Республикасы мен Қазақстанның арасындағы байланыс тек сауда-саттық бағытында ғана емес, құрылыс, транспорт және тұрмысқа қажетті заттар мен тағы басқа салаларды да қамтығанын байқаймыз және  екі елдің экономикасы мен байланысы күннен-күнге нығаю үстінде деп тұжырымдауға болады.

Қазақстанмен тығыз байланыс Оңтүстік Кореяны сауда-саттық, саяси және экономикалық, әрі инвестициялық жобалар жағынан басқа елдердің алдына шығарды. Соның арқасында корейлер инвестициялық бестіктің басында. Қазақ жеріне соңғы технологияны, озық тұрмыстық техниканы әкелуге үлкен үлес қосты. Қос мемлекетке де тиімді жобалардың көбісі іске асып, біразы болашақтың еншісінде қалып отыр.

1992 жылы екі ел  арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері сан-сала бойынша ынтымақтастық тұрақты дамыды. Қос мемлекеттің басшылары әрдайым өзара мүдделілік білдіретін кең ауқымды мәселелерді талқылап, бірігіп атқаруға күш салады. Бұл Қазақстан мен Кореяның жақындығын әрі стрегиялық тұрғыда серіктес екендігінің айғағы. Алдағы кезде мемлекетаралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілуі үшін екі елдің кәсіпкерлері белсенді қызмет атқаруы керек. Келешекте екі елдің ынтамақтастығы нығаяды. Бұның бәрі жүзеге асу үшін Қазақстан халқына саяси тұрақтылықта әрі бейбітшілікте өмір сүру маңызды.

Б. Қыдырбаев, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті
Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы  
Фото: mtrk.kz