"ӨТКІР, ӨЗЕКТІ МАҚАЛАЛАР КӨП": ПРЕЗИДЕНТ "EGEMEN QAZAQSTAN" ГАЗЕТІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 20.11.2019
Оқылды: 1291
Бөлім: САЯСАТ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан ҚЫДЫРӘЛІНІ қабылдады.

Бұл туралы Президенттің ресми сайтында жарияланды. Кездесу барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында атқарылған шаралар, айтулы күн шеңберінде шығарылған еңбектер жайында баяндалды. Сонымен қатар, Дархан Қыдырәлі мерейтой барысында Алаш ардақтыларына құрмет көрсетіліп, тарих пен тағзымға құрылған шаралар туралы айтты. Қабылдауда Халықаралық Түркі академиясы атқарып жатқан жұмыстар жөнінде де сөз болды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жинақталған «Домбыра» оқулығы таныстырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымын ғасырлық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Қабылдаудан шыққаннан кейін "Егемен Қазақстан" газетінің басшысы кездесу туралы жан-жақты әлеуметтік желіге жазды. Ол өз сөзінде Президенттің жүзжылдық жылнаманың жетістіктерін жоғары бағалағанын, кітаптар тарту еткенін айтты. "Әкесі "Социалистік Қазақстанда" жауапты хатшы болып қызмет атқарғандықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы "Егеменнің" тарихы мен онда еңбек еткен тұлғаларды жақсы біледі екен. Сондықтан, бас басылымның өткенін айта отырып, бүгінгі биік белесі туралы да сөз етті. Заманауи форматта газетте өткір, өзекті мақалалар мен сын, сараптамалық материалдардың жиі жарық көретінін, тағылымды, тартымды дүниелердің көп екенін айтты. Жаңа жүзжылдыққа қадам басқан газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Біз де Қазақстан Президентіне ғасырлық мерейлі межені бағындырған "Егеменге" көрсеткен ілтипаты үшін алғыс айттық", - деп жазды Дархан Қыдырәлі "Фейсбуктегі" парақшасына.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"